Қазақстан реакторды төмен байытылған уран отынымен іске қосты

Қазақстандық ғалымдар атомды бейбіт мақсатта қолдануда айтарлықтай табысқа қол жеткізді.

Ұлттық ядролық орталықта ВГ-1М зерттеу реакторын төмен байытылған уран отынымен іске қосу сәтті аяқталды. Реактор отынын конверсиялау бойынша халықаралық жобаны жүзеге асыру 2010 жылы басталған еді. Орталық ұжымына Америка Құрама Штаттары мен Ресейден мамандар көмекке келді. Уран отынын байыту 20%-тен төмен деңгейге азайтылды. Реакторды келер жылы пайдалануға беру жоспарланған. Қазір елімізде атом электр станциясын салу жобасы қарастырылып жатыр. 2009 жылы Қазақстан уран өндiрiсi бойынша әлемде 1-орынға шыққан еді. Содан бері жетекші орында келеді.

Эрлан Батырбеков, ҚР Ұлттық ядролық орталығының бас директоры:

- Бізге зерттеу реакторын төмен байытылған уран отынымен іске қосудың сәті түсті. Бұл жетістік 30 жыл бұрын осы реакторды жоғары байытылған уран қолдану арқылы қолданысқа беру мерзімімен тұспа-тұс келгенін айта кету керек. Сынақ жұмыстары толық аяқталған соң ВГ-1М реакторы келер жылы пайдалануға беріледі.