Шымкентте техникалық маманға сұраныс көп

Шымкентте жоғары оқу орындарының базасында бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтіп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өйткені аймақтағы өндіріс орындарында техникалық мамандар тапшы. Оқу жылын аяқтап, дипломды қолға алған түлектердің жұмыссыз қалмауы үшін 150-ден астам компания өкілі шараға арнайы шақыртылды. Жоғары оқу орындарының түлектері үшін жұмысқа орналасу өзекті мәселе. Керісінше, кәсіпорындар мен өндіріс ошақтарында инженерлік-техникалық мамандар мен құрылысшылар тапшы. Сондықтан жас түлектердің жұмыспен қамтылуына жәрмеңкенің берері көп, дейді жиналғандар.

Дария Қожамжарова, М.Әуезов атындағы оқу ректоры:

– Практикалық оқу жұмыстары мен бос жұмыс орындары жәрмеңкесі студенттеріміздің тағдырына үлкен өзгеріс алып келеді деп айтуға болады. Себебі практика кезінде студенттеріміз бен түлектеріміз қабілетімен өзін жақсы қырынан көрсете алса, тұрақты жұмысқа орналаса алады.

Биыл іргелі оқу ордасын 4 мыңға жуық студент тәмәмдайды. Университет өңірдегі 160-тай өндіріс орнымен келісімшарт жасасқан. Жұмыс беруші мен жоғарғы оқу ордалары арасындағы әріптестік ең алдымен студенттер үшін пайдалы.

Нұрбек Тұрғыл, студент

Бұл біз үшін мүмкіндіктер алаңы деп айтсақ та болады. Мен қазір мұнай газ факультетінде оқимын. Бұл мен үшін үлкен мүмкіндік. Бұйыртса осы жерде оқуымды бітіре салып, әрі қарай жұмыс жасап кетуіме таптырмас мүмкіндік деп есептеймін.

Көп жағдайда өндіріс орындары тәжірбиесі бар мамандарды жұмысқа алғысы келеді. Мұндай жағдайда түлектер «Дипломмен ауылға», «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны» секілді мемлекеттік бағдарламаларға иек артады. Бұл кәсіпкерлерге де қолайлы.

Ольга Ганичева, тоқыма фабрикасының бөлім қызметкері:

Әрине студенттер ештеңені білмей келеді. 1-2 курс кезінде практикалық сабақтарға қатысып, өзінің жұмысқа деген қызушылығын көрсетсе, қуанып қаламыз. Бірақ мұндай жастар аз. Бір топтан бірен-саран шығады. Ал қалғандары тоқыма мамандығында оқыса да бұл салада жұмыс істегісі келмейтінін ашып айтады.

Бос жұмыс орындары жәрмеңкесі студенттердің диолог алаңына айналды. Кәсіби мамандардың ақыл-кеңесіне сүйеніп, болашақ жұмыс орны туралы кең мағлұматқа қанықты.

Балмаржан Нарбекова, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы:

– Шымкент қаласында жалпы жоспар бойынша 58 мыңға жуық азаматты жұмыспен қамтимыз деп жоспарлап отырмыз. Оның ішінде 24 мыңнан астамы жаңа жұмыс орындары. Оның 14 мыңы тұрақты жұмыс орын. 10 мыңнан астамы уақытша жұмыс орындары. Біздің бұл оқу орынмен өзіміздің меморандумымыз бар. Жұмыс жоспарымыз бар.

Ал ұсынылған 1345 бос орынға 731 студент ынта білдіріп, жұмысқа орналасты.

Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов