Білім гранты кімдерге беріледі?

Бүгін мектептерде соңғы қоңырау соғылды. Ел бойынша 170 мыңнан астам түлек алтын ұясынан қанат қақты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Соңғы 20 жылда республикада оқушы саны күрт өскен. Тек оқушы емес, грант та көбейтілді. Құптарлық жағдай. Ал сол грант кімдерге бөлінбек? Қандай мамандықтарға басымдық беріледі?

Кейінгі екі жылда елде соңғы қоңырау онлайн ұйымдастырылып келген еді. Ал биыл эпидемиологиялық ахуал тұрақты. Сондықтан бұл жолы соңғы қоңырау рәсімі дәстүрлі форматта өтті.

Бұл бас қаладағы №75 мектеп-гимназиясы. Алтын ұядан қияға бүгін 201 түлек қанат қақты. 

Мерей Сүйінова, түлек:

– Бәрі қуанышты. Біз үшін ерекше күн ғой. Әр сәт есте қалады. Алтын ұя мектебімізді қимаймыз. Десек те үлкен өмірге қадам басып, маман атану керек.

Елде 7 жарым мың мектеп бар. Бүгін 3 миллион 600 мың оқушы үшін соңғы қоңырау соғылды. Бұл соңғы 20 жылда болмаған сан. Яғни оқушы көбейді деген сөз. Білім алушылардың саны бойынша Алматы, Түркістан облыстары мен Алматы қаласы көш бастап тұр. Ал 171 мың түлек мектеппен қоштасты. Енді бұл өрендердің алдында «өмір» деген мектеп тұр.  

Шакира Сатыбалдықызы, қала тұрғыны:

– Министр айтқандай, балаларға екі рет тест тапсыруға мүмкіндік беріп отыр. Көптеген грант бөлініп жатыр. Бұл біздің балаларға жасалып жатқан үлкен мүмкіндік. Өздері осыған талпынсын. Қазақстанға өз үлесін қоса білсін.

Министр «грант көбейді» деді. Сол гранттың 60 проценті техникалық мамандықтарға тиесілі болмақ. Қазір нарықтың сұранысы осы боп тұр. Тағы бір жаңалық. Биыл мектеп бітіргендерге лимузинге мініп, яки дәмхана, мейрамханада тойлатуға болмайды. Ұстаздарға қатаң бақылау тапсырылған. Ал аттестат маусымның 16-сы мен, 17-сінде табысталмақ.

Авторлары: Қорған Қонысбайұлы, Ержан Қанапияұлы