Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті QS WUR сертификатына ие болды 

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті QS WUR сертификатына ие болды 
ҚазҰУ баспасөз қызметі

Биылғы 8 маусымда жарияланған QS WUR жаһандық рейтингі қорытындысы бойынша Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті 150-орынға ие болды, деп хабарлайды «Хабар 24» ҚазҰУ-нің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Осыған орай білім ордасындағы «Әл-Фараби» кітапханасында университетке QS  рейтингісінің сертификатын салтанатты тапсыру рәсімі өтті.

Марапатты ТМД және Орталық Азия елдері бойынша QS рейтингтік агенттігінің аймақтық директоры Сергей Христолюбов ҚазҰУ-дың  басқарма төрағасы – ректоры Жансейіт Түймебаевқа табыстады. Сергей Христолюбов ҚазҰУ-дың соңғы жылдардағы жетістіктерін атап өтіп, QS жаһандық рейтингіндегі талаптарға тоқталды.

«Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ биыл көптеген талаптар бойынша өз көрсеткіштерін едәуір жақсартты. Халықаралық деңгейдегі рейтингте 150-орынға жайғасу бұл үлкен көрсеткіш және жетістік. Мұндай ҚазҰУ тарихында болмаған. Университеттің дамуына сүбелі үлес қосып, еңбек еткен оқытушы-профессорлар құрамы, ғалымдар мен барлық ұжымға алғысымды білдіргім келеді. Бұл сіздердің еңбектеріңіз. Мәселен, сіздердің білім ордаларыңыз дамыған мемлекеттердің университеттері арасынан оза шығып алдыңғы қатарға жайғасты. Бұл білім ордасында ауқымды жұмыстар атқарылғанын көрсетеді. Шара аясында университеттің алдағы даму жоспарымен және ғалымдар әзірлеген ғылыми-инновациялық жобаларымен таныстық. Алдағы жұмыстарыңызға табыс тілеймін», – деді Сергей Христолюбов.

Өз кезегіде университет басшысы Жансейіт Түймебаев халықаралық рейтинг қазақстандық жоғары оқу орындары үшін жыл сайын өз көрсеткіштерін жетілдіруге мүмкіндік беретінін жеткізді.

«Бір жыл ішінде оқу орнымыз 175-орыннан 25 позицияға жоғарылады. QS WUR жаһандық рейтингіндегі жаңа көрсеткішіміз – 150-орын. Бұл біз үшін үлкен жетістік әрі жоғары жауапкершілік. ҚазҰУ – «QS Stars Rating System» халықаралық рейтингісінде «Бес жұлдыз» марапатын алған Орталық Азиядағы  алғашқы және жалғыз жоғары оқу орны.  Сондай-ақ, QS by Subject пәндік рейтингісінде университет 4 пән саласы мен 16 дайындық бағыты бойынша үздіктер қатарына кіреді. Университеттің 137 білім беру бағдарламасының халықаралық деңгейдегі бәсекеге қабілеттілігін дәлелдейді. Бұл университет ұжымының көп жылғы және күнделікті тынымсыз еңбегінің нәтижесі», – деп атап өтті ректор.

Сондай-ақ университет басшысы барлық ғалымдарды, оқытушы-профессорлар құрамы мен қызметкерлерді құттықтап, бұл жетістікпен тоқтап қалмай, межелі мақсаттарға жету жолында табысты еңбек етуге шақырды.

Айта кетейік, QS WUR әлемнің үздік университеттерінің тізімі 2004 жылдан бері жарияланып келеді. Ағымдағы жылы рейтингке әлемнің 100 елінен 2,5 мыңға жуық ЖОО қатысқан болатын.