Нұр-Сұлтанда ғылыми жоба байқауы өтті

Ғалымдардың өнертабыстары бір орында тұралап қалмас үшін оны бизнеске айналдыру қажет,-дейді мамандар. Әзірге арнайы ұйымдастырылған конкурсқа 40-тан астам ғылыми жоба келіп түскен, деп хабарлайды «Хабар 24».

Солардың бірі – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Қан тамырлары патологиясы орталығының ғалымдары ұсынған құрылғы. Ол артериялық тамырлардың өткізгіштігін толық қалыпқа келтіруге қауқарлы. Емдеу әдісі де өзгеше. Қан түйінделген тамырды ашып қана қоймай, ондағы аурудың ізін де жоюға мүмкіндік бар, - дейді ғалым.

Оралбай Дәрменов, Медицина ғылымдарының докторы, профессор:

- Біз ойлап тапқан құрылғы тамырдың ішіндегі артеросклерозды бляшканы ерітіп тазалаймыз. Маңызды ерекшелігі – бір тамырға енгізгенде бірнеше тамырды тазалап шығуға мүмкіндік болады. Жүректің бірінші тамырын, аяқтың тамырларын тазалап шығуға болады.

Бұл жолы ғалымдар медициналық, тағамдық және құрылыс саласына бағытталған ғылыми әзірлемелерін ұсынды. Отандық ғалымдардардың мұндай жұмыстары елеусіз қалмайды. Бұған дейін мемлекет тарапынан қаржыландыруға арналған конкурстар үш жылда бір рет жүргізілсе, енді олар жыл сайын өткізілетін болды. Сонымен қатар гранттардың жаңа түрлері  енгізілді. Бұл көптеген ғылыми идеялардың жүзеге асуына жол ашпақ.

Құрманғазы Омаров, Ғылым қорының инвестициялар және жобалар департаментінің басшысы:

- Ғылыми әзірлемелерді өндіріске енгізу мақсатындағы грант  биылдан бастап жыл сайын өткізу жоспарланып отыр. Бұл гранттың көлемі конкурсқа бөлінетін жыл сайын артады деп жоспарланған. Биылғы конкурсқа бөлінген грант соммасы – 5,4 млрд теңге. Бір жобаға ғылыми ұйым 350 млн теңгеге дейін грантқа ие бола алады.

Мамандар қазақстандық ғылымның пайда әкелетініне сеніп отыр. Өйткені бұған дейін отандық ғалымдардың кейбір жұмысына шетелден қызығушылық танытқандар болған. Тіпті, кейбір ғылыми тұрғыда дәлелденген өнімдер жүзеге асып,  экспортқа да жіберіліпті.

Авторлары: Айнұр Қуатқызы Асхат Қарақойшиев