Қазақстанның үш азаматы Бундестагта біліктілік арттырды

Қазақстанның үш азаматы Бундестагта біліктілік арттырды

Бундестагта білім жетілдіріп, неміс депутаттарының тиянақты жұмысымен қалай танысуға болады? Ол үшін арнайы степендия жеңіп алатын білім мен білік керек. Қазақстанның үш азаматы Бундестагтың халықаралық стипендиясын иеленіп, қазір неміс парламентінде тағылымдамадан өтіп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Осы бағдарлама арқылы Бундестаг жұмысымен жақын танысады. Арна тілшісі жерлестермен тілдесіп, Бундестаг депутаттарының қызмет орынында болып қайтты. Германияда барлық саяси шешімдерді Парламент қабылдайды. Жылына бір рет әлем жастары Бундестаг жұмысымен жақын танысуға мүмкіндік алады. Алайда ол үшін екі кезеңнен тұратын таңдаудан өту керек. Басты шарты неміс тілін жақсы біліп, саясаттан қара жаяу емес екеніңді дәлелдеу қажет. Биыл Бундестагта 50 елден келген бір жүз стипендиат тағылымдамадан өтуге барған. Олардың арасында Рината Муратова бар. Ол Қазақстанда халықаралық қатынастар факультетін бітіріп, қазір Германияда магистрлік жұмысын жазып жатыр. 

Рината Мұратова, «IPS» бағдарламасының стипендиаты:

Таңдау кезінде қобалжыдым. Әсіресе сұхбаттасуға дайындық кезінде. Құжат жинадық. Сұхбаттасу кезінде түрлі сұрақтар қойды. Әртүрлі саяси ахуалдар жөнінде пікіріңді сұрайды. Хабардар болып, әлемдегі жағдайды білуің керек.

Парламенттік тағылымдама 5 айға дейін созылады. Алдымен қатысушылар лекция мен семинарларға қатысып, неміс демократиясының қағидаттарымен танысады. Осыдан кейін стипендиаттарды депутатардың кеңселеріне бөліп, тікелей Бундестаг тағылымдамасы басталады. 

Евгений Власов «IPS» бағдарламасының стипендиаты:

Расында да бәрін ішінен көру қызық. Мысалы, наурыз бен сәуір айларында вакциналауды міндеттеу туралы заң қарастырылды. Бізге күніне 200 хат келетін. Күн сайын адамдар өз ұстанымын білдіріп келді. Олар өте белсенді және бұл шешім қабылдау ісіне әсер етеді. Депутаттар қоғам пікірімен санасуы керек.  

Самат Ысқақов, «IPS» бағдарламасының стипендиаты:

– Бағдарламаға қатысушылар мәжілістерге қатыса алады. Заң жобасы жөнінде пікірталас өтіп жатқанда, көрермендер үшін арнайы трибуна бар. Тіркеліп, мәжіліс қалай өтіп жатқанын көруге болады, бірақ оған араласпайсың. Әдетте пікірталас өте қызу өтеді. Әр партия өз көзқарасын жеткізеді, егер өзге партия депутатымен келіспесе, мұны ашық айтады. Осыдан кейін дауыс беріледі.

Неміс депутатының кестесінде сайлаушылармен жұмыс басты назарда. Үнемі туған өңіріне барып, жергілікті халықпен араласады. Ұсыныс, пікір жинайды.

Рината Муратова «IPS» бағдарламасының стипендиаты:

– Әр депутаттың сайлау учаскесінде өз кеңсесі бар, онда 3-4 қызметкер жұмыс істейді. Депутат жергілікті тұрғындардың мәселелерін мемлекеттік деңгейге шығарады. Өз сайлаушыларының пікірін біліп. оны жоғары деңгейде қорғайды. Адамдар саяси тұрғыдан сауатты. Олар депутатты сайлап, үнемі оны бақылап тұрады. Заң жобалары бойынша қалай дауыс бергенін, қандай сауалдарды Парламент қарауына шығарғанын байқайды.

Бағдарламаға қатысушылар Қазақстанған оралған соң жинаған тәжірибесін ел игілігі үшін бөлісуге ниетті.

Авторлары: Шолпан Найманбаева, Милослав Лавриновский