Ақтөбеде мектеп директоры жертөлеге көшпекші

Ақтөбеде мектеп директоры кабинетін оқушыларға беріп, өзі жертөлеге көшпекші. Балалар санының көптігі сонша білім ордасында сабақ өтпейтін бұрыш қалмаған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тіпті сырт киім ілетін гардеробты да сурет пәніне арнап жабдықтаған. Жақын маңда өзге оқу ордасы болмағандықтан, мектеп әкімшілігі осындай қадамға баруға мәжбүр. Үш ауысымдық кестенің өзі де мәселені шешер емес. Ақтөбеде әлеуметтік баспана негізінен Есет батыр ауданына салынады. Пәтер кезегіндегі көп балалы аналардың да дені осы жерде. Сондықтан балабақша мен мектеп мәселесі соңғы 4-5 жылда тұрғындар үшін өте өзекті боп тұр. Мәселен, 8 баланы дүниеге әкелген Динара Баймағаметова қыркүйек жақындаған сайын жанұшырамын дейді. Биыл да бірінші классқа баратын балақайына жақын маңдағы мектептен орын болмай біраз әбігерге түскен.

Динара Баймағамбетова, қала тұрғыны:

Мен үшін қиын. Әр балам әр уақытта оқиды. Кешке қарай қайтатын уақыт болады. Мен қорқамын. Кейде кешке баланы өзім күтіп алу үшін кішкентай баламды біреуге тастау керекпін. Мектеп салынса екен деймін.

Ата-аналар балаларды қайда оқытамын деп бас қатырса, мектеп басшылығы оларды қайда отырғызарын білмей әлек. 2400 оқушыға арнап салынған ғимаратта өткен оқу жылында 3317-і бала білім алған. 51 түлек 11 бітіріп, 70-ке жуық жеткіншек колледжге кетуді ұйғарыпты. Бірақ олардың орнына 450 бүлдіршін бірінші классқа кеп отыр. Сондықтан мектеп директоры ғимараттағы барлық бөлмені оқу классына айнадырудан басқа амал жоқ дейді.

Абзал Тәжімішев, №60 орта мектеп директоры:

– Мектеп директорына мектептің ішінде 36 шаршы метр тиесілі болуы керек. Мынау 36 квадрат. Енді осы кабинетті мен подвалға көшіруім керек. Өйткені мына жерде класс-кабинет береміз бе, әлде бөлек оқыту кабинеті етеміз бе – сондай мәселені шешуім керек. Енді мынаның барлығын көшіруім керек.

Жертөлені мұғалімдер мен жұмысшылардың өздері жөндеп, ретке келтіріп қойған. Қосымша сабақ пен спорттық үйірмелер өткізуге де жағдай жасапты. Желдету жүйесін орнатқанымен санитарлық талапқа сай оқушыларды жер астында бір сағаттан артық ұстауға болмайды. Бұл мәселені жергілікті билікке бірнеше рет айтқан мектеп директоры балаларды өзге аудандарға тасымалдауды да ұсынған.

Абзал Тәжімішев, №60 орта мектеп директоры:

– Басшымен сөйлескен уақытта айттым, көрші ауылдағы мектепке балаларды тасымалдайық. Автобусқа қаржы бөліңіз. Сол балаларды тасымалдап оқытайық, талапқа сай болсын деп. 60 млн-дай қаржы керек. Осы уақытқа дейін қаржы бөлінген жоқ. Енді қазір мен конкурс өткізетін болсам, ол қыркүйек айына дейін конкурс үлгермейді. Ертең қыркүйекте балаларды қайда жібереміз. Мәселе сондай болып отыр.

Білім беру стандартына сай әрбір класста 24 оқушыдан аспауы тиіс. Бірақ биыл нөмірі №60 орта мектепте үш ауысымдық кесте болғанына қарамастан, әр класта шамамен 32-34 бала болады. Көршілес орналасқан 4-шағын аудандағы жаңа мектеп қолданысқа берілгенімен, мәселе түбегейлі шешіле қоймайды. Себебі осы маңның өзінде мектеп жасындағы 5 мыңға жуық бала бар. Сондықтан жергілікті билік қосымша ғимарат салып беруді жөн көріпті. Алайда құрылысы жақын уақытта басталмайтын сыңайлы.

Жеңісбек Ақбергенов, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары

Бүгінгі күні жобалық сметалық құжаттары дайындалып, мемлекеттік сараптамаға жолданды. Тиісті тексеруден өтуі тиіс. Оған біршама уақыт керек. Содан кейін қаражат бөлініп, құрылыс басталады.

Қосымша ғимаратта 600 бала білім алатын болады. Сонда бұл аудандағы оқушыларды толықтай қамтуға жағдай болады. Жалпы өңірде қазір үш ауысымдық кестемен 5 білім ордасы жұмыс істеп тұр. 4 апатты ғимарат бар. Жергілікті билік бұл мәселені түбегейлі шешу үшін 54 жаңа мектеп салуды көздеп отыр. Жыл соңына дейін 11-і қолданысқа берілуі тиіс. Қалғандары 2025-жылға дейінгі жоспар.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Болат Молдағалиев