Білім гранты иегерлерінің есімдері белгілі болды

Білім гранты иегерлерінің есімдері белгілі болды

Бүгін мемлекеттік білім гранттарын тағайындау конкурсының қорытындысы жарияланды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ғылым және жоғары білім министрлігінің ресми сайтындағы ақпаратқа сүйенсек, педагогикалық мамандықтарға сұраныс жоғары. Саясаттанушы және тіс дәрігері болғысы келетін жастар да көп екен. Грантқа үміткерлердің өтінімдерін 24 маманнан құралған комиссия қарады. Оның құрамына министрліктің, мемлекеттік органдардың, бiлiм саласы кәсiподақтарының, Ұлттық кәсiпкерлер палатасы, бұқаралық ақпарат құралдары, Қазақстанның азаматтық альянсы және қоғамдық ұйым өкілдері кірді. Талапкерлердің ҰБТ-да жинаған балдарына және бекітілген ережелерге сәйкес конкурстық негізде гранттар тағайындалды.

Ержан Әмірбекұлы, ҚР ғылым және жоғары білім министрлігі департамент директорының орынбасары:

– Білім беру гранттарына өтініш берген 79 мыңнан астам үміткер тіркелді. Оның тиісінше бағыттары бойынша грант иегерлері конкурстық комиссия шешімінен анықталды. Ең көп балл жинаған үміткерлер грант иегері атанып отыр. Биыл осы грант иегерлері арасынан өте көп сұранысты қалыптастырып отырған ол педагогикалық бағыт, инженерлік өңдеу және құрылыс саласы, сонымен қатар стоматология және гуманитарлық бағыттағы өтініштер өте жоғары болып отыр.

Өкінішке қарай ветеринария, тоқыма өнері, механика саласы бойынша білім беру бағыттарына өтініштер салыстырмалы түрде аз түскен. Биыл халықтың әлеуметтік осал топтарына бөлінетін гранттар саны көбейтілді. Яғни көп балалы немесе толық емес отбасылардан шыққан балалар, сондай-ақ ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардан шыққан балалар грант алуда басым мүмкіндікке ие болды.

Ержан Әмірбекұлы, ҚР ғылым және жоғары білім министрлігі департамент директорының орынбасары:

– ҰБТ өткен, бірақ шекті балл жинай алмай қалған талапкерлер болуы мүмкін. Олардың қам жеуіне ешқандай негіз жоқ. Олардың барлығы да шартты түрде ЖОО-на қабылданады және олар 1 семестр бойы оқып, қаңтар айында болатын ҰБТ тестке қатысып, тиісті межелік баллды жинағаннан кейін әрі қарай толық студент статусында оқуларын жалғастыруға мүмкіндік бар.

Жалпы 2022-2023 оқу жылына 75 мыңнан астам мемлекеттік грант қарастырылған. Оның ішінде 11 мыңға жуығы педагогикалық мамандықтарға бағытталған.

Еске сала кеткен жөн, құжаттарды қабылдау 13-22 шілде аралығында жүзеге асырылды.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Ырыстанбек Оспанов, Дархан Күнтуов