Шалқардағы бір ғасырлық мектепті мемлекет қарауына алса деген тілек бар

Шалқардағы бір ғасырлық мектепті мемлекет қарауына алса деген тілек бар

Шалқар қаласында бір ғасырдан аса елге қызмет еткен мектеп бар. Ұстаздар мен оқушылар айналасын жайқалтып, жасантып қойған.

Қазір бұл мепктептің оқушылары үшін жаңа білім ордасы салынып жатыр. Ал жұртшылық көзі үйреніп, талай шәкірт шыққан ортаны қимай жүр. Көпшіліктің ғимарат мемлекеттің қорғауына алынса деген тілегі бар. Өйткені күтімі келіссе әлі де бала оқытуға келеді.

Ғимаратты мемлекеттің қорғауына алып, мәдени-тарихи нысандар тізіміне енгізуді Равиль Туюшев ұсынып отыр. Шалқарлық зейнеткер 32 жыл бойы дәл осы мектепте шәкірт тәрбиелеп, білім ордасының басшысы болған. Оның айтуынша ғимарат 1907 жылы Шалқар станциясы теміржолшыларының балаларына арналып салынған. Артынша екі бірдей дүниежүзілік және азаматтық соғыс кезінде жауынгерлер госпиталі ретінде де қолданылыпты. Бейбіт заманда қайтадан оқушыларды қабылдаған.

Равиль Туюшев, Шалқар қаласының тұрғыны:

- Мектепке басшы болып келгенімде ғимарат ішінде 62 пеш болатын. Мына тұрған бақтың орнында көмір сақтайтын үлкен қойма болды. От жағатын әйелдің әрбіреуі 6 пешке жауапты. Күн сайын екінші қабатқа шелектеп тасып жүреді. Оқушылар тоңып-шашып отырады дегенді білмейтінбіз.

Қызыл кірпіштен қаланған ғимараттың қасбеті бәз-баяғы қалпында сақталған. Тек терезенің жақтаулары ғана ескіріп, орнына пластиктен жаңасы салыныпты. Биыл 11-сынып бітіріп, аттестат алған 49 оқушы білім ордасының 115-түлектері боп саналады. Мұғалімдердің айтуынша дәріс берумен қатар мектеп әлдеқашан аудандағы өлкетану музейіне айналған. 

Лариса Қоңырбаева, Шалқар қ. №5 мектеп директорының орынбасары:

- Мектепке дейінгі балабақшалар мұғалімдері өтініш жасап, мектеп бітіріп кеткен түлектеріміз осы жерге сағындық, келіп көрсек бола ма деп арнайылап ат басын тіреп, оқу кабинеттерін оқу жылы барысында қарап кетіп жатады. Біздер көнені сақтап қалу мақсатында үнемі жаңартып отырамыз. Және оның дұрыс сақталуына барлық күш жігерімізді арнаймыз. қайта-қайта әрлеп, краскілеп

Мектептің ғимаратымен қатар ауладағы саябақ жел тұрса тұзды топырақ көз аштырмайтын өңір үшін жасыл жазира боп тұр. Бұл ұстаздар мен оқушылар еңбегінің жемісі. Зейнет жасындағы Равиль Туюшев та қолы қалт етсе баққа келеді.

Равиль Туюшев, Шалқар қаласының тұрғыны:

- Көздің жауын алатын мына әсем саябақ оқушыларды эстетикаға, сұлулыққа тәрбиелейді. Табиғатты бағалап, қоршаған ортаны қорғауды үйретеді. Ағаштардың саясындағы балалар да, ұстаздар да таза ауамен демалады. Мектепте алған тәрбиені өмірлік серік етіп, оқушыларымыз үйінің ауласын жайнатып қойса қалада жасыл желек көбейер еді.

Мыңнан астам оқушы білім алатын 5-мектеп лицейіне қазір жаңа ғимарат салынып жатыр. 320 орындық нысан жақын уақытта қоланысқа берілуі тиіс. Сондықтан жергілікті тұрғындар тарихта ізі қалған ескі ғимаратты сақтап, мемлекет қорғауына алынса игі болар еді дейді. 

Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков