Павлодарда білім ошағы камералары жіті тексерілді

Павлодарда білім ошағы камералары жіті тексерілді

Облыс мектептерін бейнекамералармен қамту мәселесі өткен жылы көтерілген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бүгінгі күнге дейін әр білім ошағы жіті тексерілген. Себебі ғимарат ішінде  камераға түсе бермейтін аумақтар көп. Нәтижесінде құрал орнатылмаған нысандар анықталды. Қазіргі уақытта олқылықтың орны толды.

Бүгінгі күні облыстағы 200-ге жуық мектеп полицияның шұғыл әрекет ету орталығына қосылды. Мамандар нысандарды мамандандырылған күзет қызметімен қамтуға да баса назар аударады.

Қуаныш Мұстафинов, облыстық ПД ЖПҚ басшысының орынбасары:

- Облыстың 160 мектебінде мамандандырылған күзет қызметі іске кірісті. Қалған мекемелерде вахтерлер мен күзетшілер бар. Алдағы уақытта барлығын ауыстырамыз. Біз білім беру ошатрамыен жедел әрекет ету алгоритмін пысықтадық. Оқыс жағдай болса, жедел әрекет ету орталығына хабарлама түседі.

Өткен оқу жылында облыстың бірнеше мектебі отқа оранды. Өрттің шығуына электр жүйесі емес, ұзартқыштан шыққан ақау және қауіпсіздік ережелерін сақтамау себеп болған. Бұл жайт сабақ болды. Төтенше жағдайдан соң мекемелердің барлығы дабыл батырмаларымен қамтылды.

Гүлмира Мантықова, №28 орта мектептің директоры:

- Өрттен соң жөндеу жұмыстары басталды. Бюджеттен 142 млн. теңге бөлінді. Зақымданған сыныптар, техника, барлығы қалыпқа келтірілді. Өрт дабылы мен электр желілері толық жаңартылды. Биыл мектебімізде мыңнан астам бала оқиды.

Павлодардағы бұл мектептің 1200 шаршы метрлік шатыры түгел жанып кетті. Қазір бала қабылдауға сақадай сай. Жалпы өрттен соң өңірдегі барлық мектеп тексерілді. Олқылықтар жойылды. Павлодар облысының оқу мекемелерін кешенді жөндеуге  9,2 млрд теңге бөлінді, бұл өткен жылдармен салыстырғанда әлдеқайда көп.

Авторлары: Ақмарал Есімханова, Самат Оспанов, Жеңіс Темірболат