Жемқорлардың заңсыз тапқан ақшасына мектептер салынады

Алдағы уақытта апатты жағдайдағы және үш ауысымды мектеп мәселесі толық шешілмек.

Жаңа білім ошақтары жемқорлардың заңсыз тапқан қаржысына салынадЫ. Қаражат қараша айында бөлінеді. Бірақ құрылыс саласының мамандары алдымен мектеп салатын жерді сатып алуға ақша бөлінсе дейді.

Биыл еліміздегі мектептерде бала саны шамадан тыс артқан. Бүгінде 250 мыңнан астам орын тапшы. Ал алдағы 3 жылда бұл көрсеткіш бір млн дейін жетуі мүмкін. Түйткілді мәселені шешу үшін елде 2025 жылға дейін 800-ден астам оқу орнын салу жоспарланып отыр. Қазір Республикалық бюджеттен 2,5 триллион теңге бөлінді. Алайда құрылыс саласының мамандары бұл қаражат жеткіліксіз деп отыр. Жер мәселесінен бөлек, қазіргі таңда құрылыс материалдарының да бағасы шарықтап кетті. Сондықтан қосымша субсидиялар қажет, дейді мамандар.

Виктор Микрюков, Қазақстан құрылыс салушылар қауымдастығының президенті:

- Елде мектептердің құрылысына қомақты қаражат қарастырылған. Бірақ жер учаскелерін сатып алуға ақша бөлінгеніне күмәнім бар. Ал жерді мемлекет пайдасына алуға уақыт қажет. Одан бөлек сот шешімін алу да керек.

Енді жемқорлардан тәркіленген ақша мектеп салуға жұмсалмақ. Жыл соңына дейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет ел бюджетіне 1 триллион теңгені қайтаруды жоспарлап отыр. Бір мектепті салу үшін қазынадан  5-6 миллиард теңге қажет екенін ескерсек, бұл қаржыға 170-ке жуық білім ошағын салынады.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:

- Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша сыбайлас жемқорлардан алынған қаражат енді мектептер мен оларға қосымша құрылыстар салуға бағытталатын болады. Бүгінгі таңда республика бойынша 100 миллиард теңге туралы сөз болып отыр. Қаражат бөлу қараша айында басталады.

Ал экономистер мектепті жоспарлы түрде салу қажет дейді. Яғни бұл шараның ұзақ мерзімді перспективада көмектеспейтінін айтады. 

Марат Каирленов, экономист:

- Сыбайлас жемқорлықтан түсетін кірісті болжау мүмкін емес. Дегенмен, мектептер жоспарлы түрде салынуы керек. Ұлттың бәсекеге қабілеттілігі білім сапасымен анықталады. 

Айта кетейік, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми дерегіне сүйенсек, биылғы 8 айда жалпы сомасы 500 миллиард теңге болатын мүлік, активтер мен қаражат мемлекетке қайтарылған.

Наргиз Бекмағанбетова