Қарағандыда «Робо-ленд 2022» фестиваліне 800 өрен қатысты

Қарағандыда «Робо-ленд 2022» фестиваліне 800 өрен қатысты

Өңірде «Робо-ленд 2022» робототехника және бағдарламалау фестивалі жетінші мәрте өтіп жатыр. Онда 6 мен 16 жас аралығындағы балалар өз қолымен жасаған тың туындыларын көрсетіп, қорғап шығады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Байқау шеңбері жыл өткен сайын кеңіп,  бұл жолы 800-ге жуық адам қатысты. Елдің барлық облысынан бөлек, Грекия, Ресей, Грузия, Өзбекстан және Қырғызстан командалары келген. Байқау 16 санат бойынша өтеді, оның 2 санаты биыл алғаш рет енгізілді. Ол қазақтың ұлттық ойыны, теңге алу және биатлон. Соңғысында құлтемірлер белгілі бір траекториямен жүріп өтіп, кедергілерді атып түсіруі тиіс.

Есбол Арынов, облыстық білім беруді дамыту оқу-әдістемелік орталығы директорының орынбасары:

– Бүгін біз Сарырқаның төрінде халықаралық деңгейде робототехника бағдарламалау және инновациялық технологиялар фестивалін өткізудеміз. Жалпы бізде 800-ге жуық қатысушы бар, 300 командаға дейін. Бізде бұл жерде тек қана орта жастағы балалар емес және де жас бүлдіршіндер ол жаңағы мектеп алды даярлық тобынан, мектеп, колледж, университеттен қатысып, осындай үлкен шара өткізіп отырмыз.