Ақмола облысында колледждерде тегін оқитын балалардың қатары көбейіп келеді

Ақмола облысында колледждерде тегін оқитын балалардың қатары көбейіп келеді.

Мәселен, қазір арнаулы орта білім беретін ұйымдарда 21 мың студент бар болса, соның 80 проценттен астамы грантпен оқиды. Ал былтыр бұл көрсеткіш 75 проценттің маңайында болатын, - дейді, жауаптылар. Мақсат – олардың қатарын мейлінше көбейту.

Көкшетаулық Айшолпан Мұратбекқызы, қазір Ақан сері атындағы жоғарғы мәдениет колледжінің 3-курс студенті. Киім дизайнері мамандығында оқитын ол, алғашында мемлекеттік грантпен оқуға түссе, қазір Президент стипендиясының иегері. Қаршадай қыздың арманы асқақ, мақсаты айқын. 

Айшолпан Ғалымжан, студент:

- Болашақта осы мамандық бойынша жұмыс істеп, жоғары оқу орнына түскім келеді. Алға мақсаттарым өте үлкен. Болашақта Еуропа елдерінде білімімді жалғастырып, тәжірибе жинап, осы Қазақстанда сән саласын дамытқым келеді.

Ал студенттер үшін мұнда барлық жағдай жасалған. Оларға тегін оқу мен шәкіртақыдан бөлек, колледж қабырғасында жүріп-ақ теория мен тәжірибені ұштастырып, кәсіби маман атануына түрлі мүмкіндіктер қарастырылған. 

Құралай Ыдырысова, колледж директоры:

- 200 млн теңгеге біз жақсы-жақсы лабороториялар аштық. Мысалы, тегін цехы ашылды. Сол арқылы біздің студенттер бұрын мүлдем болмаған жағдай, теорияны оқып, осы колледждің ішінде практиканы өтеді. Заманауи машинкалары бар, бәрі дайын. Бүгін біздің қалада ондай лабороториялар жоқ. 

Айта кетейін, қазір аймақтағы 32 колледж 100-ге жуық кәсіби-техникалық мамандық бойынша жастарға білім беріп жатыр. Ал олардың көбі сұранысқа ие. 

Валерий Гамазов, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары:

- Биыл 1 мыңға жуық орын облыстағы кәсіпорындардың сұранысы бойынша оларға өте қажетті мамандықтарға берілді. Сондай зауыт-фабрикалардың есебінен оқып жатқан студенттер аграрлық, құрылыс индустриясы, тау-кен және машина жасау саласының маманы болып шығады. Әрі келешекте сол өндіріс ошақтарына жұмысқа тұрады.

Осылайша қазір арнаулы орта білім ұйымдарында ақылы бөлімде тәлім алатын студенттердің қатары азайып келеді, дейді сала мамандары. Мәселен, былтыр 800 бала ақша төлеп оқуды қаласа, биыл небәрі 400 студент ақылы мамандықтарды таңдаған. 

Дамир Берікұлы, Виктор Полянный