Атырауда колледж студенттері мен оқушылар сабақты онлайн өтеді

Атырау облысының оқушылары мен колледж студенттері ауа райының қолайсыздығына байланысты 10-11 қаңтар күндері қашықтан оқиды.

Бүгін облыстың солтүстігінде 30 градус қатты аяз болатыны хабарланған. Қазір өңірдегі әріптесім Асланбек Шығыр бізбен тікелей байланыста. Асланбек, Атыраудағы күн райы қалай ?

Асланбек Шығыр, тілші:

- Кеше облыс тұрғындарына 112 жедел бірыңғай нөмірінен бүгін күннің күрт суытатыны хабарланды. Осыған байланысты өңірдегі білім беру ошақтары қашықтан оқытуға көшті. Яғни бастауыш және жоғары сынып оқушылары мен колледж студенттері бүгін-ертең онлайн форматта оқиды. Білім басқармасының мәліметінше балабақшалар қалыпты жұмысын атқара береді. Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары тұрғындарға алыс жолға шықпауды ескертеді. Жылыту пештері мен құрылғыларды пайдалану кезінде де абай болған абзал. Ал жылу беру жұмыстары жөнінде облыстық энергетика басқармасы басшының орынбасарынан білсек.

Серікқали Қанапин, облыстық энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

- Облыс бойынша жылу беру маусымы штаттық режимде өтуде. Бүгінгі таңда барлық әлеуметтік нысандар, білім беру нысандары, денсаулық сақтау нысандары бар, жалпы қала бойынша 1224 көппәтерлі тұрғын үй бар, барлығы да толықтай жылумен қамтылып отыр. Жылумен жаблықтау объектілері сыртқы ауа температурасына сәйкес бекітілген температура графигі негізінде жұмыс істейді. Жылу беруде ешқандай мәселе жоқ.

Асланбек Шығыр, тілші:

-Жылумен қамту жайын толықтыра кетсем. Өңірде 412 білім беру және 144 денсаулық сақтау нысаны, сондай-ақ барлығы 1798 көпқабатты тұрғын үй толықтай жылумен қамтылған. Апаттық жағдайлардың алдын алу үшін апаттық бригадалар бекітілген. Жалпы жылу беру жұмыстары облыстық ведомствоаралық комиссияның үнемі бақылауында. Мендегі бар ақпар әзірге осы.