Қазақ ғалымы әлем үздіктерінің қатарына қосылды

Оралдық профессор Сәрсенбек Монтаев әлемнің үздік ғалымдарының қатарына қосылды. Көшбасшылар тізімін Стэнфорд университетінің сарапшылары дайындаған. Олардың мәліметінше, бұл оқытушылардың еңбегі көптеген ғылыми зерттеу кезінде пайдаланылған. Қазақ ғалымы құрылыс материалдары мен қоспаларды өндіруге зор үлес қосып жүр, деп хабарлайды «Хабар 24».  

Ғалым Сәрсенбек Монтаев табиғи ресурстардан, органикалық және техногендік қалдықтардан құрылыс материалдары мен қоспалар өндіреді. Әсіресе жасанды қиыршық тас шығаруға ден қойыпты. Жайық өңірінде табиғи қиыршық тас қорының жетіспеушілігі мемлекеттік бюджетке салмақ салып тұр. Бұл материал аймаққа Ақтөбе облысынан тасымалданады. Жылына кемінде 1 млн тоннадан астам қиыршық тас сатып алынады екен. Профессор жергілікті нарықтың осы бір кемшін тұсын толтыруға күш салып жатыр.

Сәрсенбек Монтаев, техника ғылымдарының докторы, профессор:

- «Опока» деген тау жыныстарын пайдаланып, соны жасанды шикізат технологиясымен зертханада, өзіміздің өндірісте бәрін дәлелдеп, дайын қазір. Сондықтан оны біздің өңірімізге ендіретін болсақ, үлкен инвестиция жасап, онда БҚО-дағы кемінде 10-20% нарықтың үлесін алуға болады. Грант ұтып алғанбыз, соған қондырғы, бәрін алып, қазір өзімізде жасап жатырмыз.

Көршілес Атырау облысында да құрылысқа қажетті тау жыныстары тапшы. Сәрсенбек Монтаев сол өңірдің кәдімгі саз балшығынан керамикалық материал дайындапты. Әзірге өндірістік зерттеуден өткізіліп жатыр. Профессор құрылыстан бөлек, гидрология саласына да көңіл бөлуде. Мәселен, өзен-көлдердің сапасына сараптама жасап, оларды тазартудың инновациялық жолын енгізуге кіріскен.

Сәрсенбек Монтаев, техника ғылымдарының докторы, профессор:

- Соларды енді қалай тазалау керек, қалай сулардың зиянды заттарын ұстап қалу керек, ауыр металдарды қалай ұстап қалу керек? Соған қажетті сүзгі «сорбент» деп аталады. Оның ерекшелігі – табиғи шикізаттан алыну керек. Қазір өзіміздің «опока» және «диотамидтер» табиғи сүзгі болып есептеледі. Солардың технологиясын жасап, жақсы нәтижелер алып жатырмыз.

Ғалым жоғары оқу орнында ұстаздық қызмет атқарады. Дәріспен шектелмей, шәкірттерін ғылыми зерттеу жұмыстарына жұмылдырып, олардың тәжірибе жинауына мүмкіндік сыйлап жүр.

Дастан Баймурзин, ғалымның шәкірті:

- Ауыл шаруашылығында қолданылатын су қоймаларын тазалау барысында жұмыс жүргізіп жатырмыз. Табиғи сорбентпен тазалау болып табылады. Сәрсенбек Алиакбаровичпен бірге жұмыс жасау қатты қиындық тудырмайды, себебі ол – өте білікті маман, жақсы педагог.

Сәрсенбек Монтаевтың ғылыми еңбектерін әлемнің түкпір-түкпіріндегі ғалымдар зерттеу жұмыстарына пайдаланған екен. Америкалық Стэнфорд университетінің сарапшылары дәл осындай критерий негізінде үздіктер тізімін жасап, қазақ ғалымын көшбасшылар қатарына қосты. Профессор тағы инновациялық жобаларды жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Оның бастамалары отандық ғылым мен экономика салаларына әлі де толағай табыс әкелері анық.

Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Болат Жарылғасов, Елдар Аюпов.