Байқоңырдағы мектепте обсерватория ашылды

Байқоңырдағы қазақстандық білім стандартымен оқытылатын №277 мектепте обсерватория ашылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Орталық қазақ балаларының аспан әлемін зерттеумен терең шұғылдануына мүмкіндік беріп отыр. Өткен оқу жылында аймақтың озық білім беру ұйымы атанып, ұтып алған 17 млн теңге грантты заманауи құрал-жабдықтарға жұмсаған мекеме бірден астрономия үйірмесін ашып қойды. Ғарыштық идеялары арқылы «Қазақстанның үздік 100 мектебі» тізіміне енген білім ордасының оқушылары модельдік зымыран ұшыру және ғарыштық ғылыми жоба байқауына дайындалып жатыр.

9-сынып оқушысы Ілияс Тынысбеков Байқоңырда тұрғанымен зымыранның ұшқанын көрмеген. Аспан денелерімен бұрын тек кітап беті және ғаламтор арқылы танысқан ол қазір телескоппен жеті қат көкті зерттеп жүр. Галактика нүктелерін 55 есе үлкейтіп көрсететін құрылғы көмегімен Ілияс әсіресе Ай мен Юпитердің қыр-сырына қанығып қалды.   

Ілияс Тынысбеков, 9-сынып оқушысы:

- Кірістірілген JPS арқылы бұл астрономиялық дененің орнын, сағатын және де координаталық нүктелерін қолмен жазуға мүмкіндіктерді жояды. Бұның ерекшеліктерінің бірі – бұл оптикалық дизайн және де 40 мыңға дейінгі нысанды сақтауға арналған бағдарлама.

Техникалық прогресс пен инновацияның көшіне ілесіп, ғылыми ізденіске бет бұрған оқушылардың саны күн санап артып келеді. Обсерваторияда астрономиялық жаңалықтардан бөлек, балалар Қазақстанның ғарыштық жобалары және отандық ғарышкерлер туралы мәліметтермен танысады. Мектеп басшылығы алдағы уақытта жас ізденушілердің зымыранның ұшуын тамашалауға экскурсия ұйымдастырмақ ниетте. Қазір ұстаздар ғылыми жобаға қатысатын үміткерлерді іріктеу үстінде.  

Гүлзат Сағадинова, астрономия үйірмесінің жетекшісі:

- Физика таңдаймын ерте маған болашақта керек, ғылыми жобаға қатысамын деген бала ынтасынан білініп тұрады. Сондай балалар қалды да қалғандары ығыса бастады. Сонымен қазір 18 бала жинақталып отыр. Аптасына 4 сағат осымен және астрономияны алға қойған. Содан біраз жетістікке жеткен 2 жоба дайындап отырмыз. Соған 4 бала дайындалып жатыр. Көбінесе 9-10 сыныптар.

Үйірме оқушылары өздері модельді зымыран құрастырып, ұшырумен де айналысып жүр. Үздіктері халықаралық ғарыш мектеп-лицейі мен Мәскеу авиациялық институт қабырғасында тәжірибе алмасуға жолдама алады.

Авторлары: Қамбар Бекенов, Нұржан Мұзарапшин, Айтмұхамбет Бәйділдаев.