Отандасымыз әлемдегі ең беделді ғалымдар рейтингіне енді

Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, физика-математика ғылымдарының докторы Ратбай Мырзақұлов «Әлемдегі ең беделді ғалымдардың» рейтингіне енді.

Бұл көрсеткішті жыл сайын Америка Құрама Штаттарының Стэнфорд университеті сарапшылары жасап шығарады. Онда әлеуметтік желіде ең көп қаралып, сілтеме жасалған еңбектер сараланады. Қазақстандық ғалымның «Мырзақұлов теңдеуі» мен «Мырзақұлов гравитациясы» деп аталатын еңбектері шетелдік мамандарды қызықтырып отыр.

Стэнфорд университетінің сарапшылары бұл рейтингті Elsevier (Эльсевир) ғылыми баспасының соңғы мәліметтеріне сүйене құрастырады. Онда әлемдегі ең үздік ғалымдардың еңбектері екі санат бойынша бағаланады. Біріншісіне, бүкіл еңбек жолында жұмыстарына ең көп сілтеме жасалған ғалымдар ұсынылса. Екіншісіне, соңғы жылдары жасаған еңбегіне  көп сілтеме жасалған ойшылдар бағамдалады . Осылайша, академик Ратбай Мырзақұлов   астрофизика- гравитация- космология бойынша зерттеулері үшін бірден қос тізімге енді.

Ратбай Мырзақұлов, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор:

- Дүние жүзінде екі пайызға кіру деген сөз ,ғылым деген бұл бір конкуренция  бір-бірімен. Сол бүкіл дүниежүзінің мемлекеттері бар Еуропа мемлекеттері, Америка жағының мемлекеттері, Азияның үлкен мемлекеттері бар солардың бүкіл ғалымдарымен конкуренцияға түсіп, соның алдынғы жағына шығып екі пайызына кіру деген ол біз үшін үлкен мәртебе. Ол субьективсіз жаңағы обьективтік баға біз үшін берілген.

1998-99 жылдары америкалық ғалымдар планетаның үдемелі түрде кеңейіп бара жатқандығын дәлелдейтін мақалаларды жарыққа шығара бастайды. Ол пікір қайшылығын туындатып, эскперимент түрінде  дәлелденсе де, теорияда ешкім дәлелдей алмайды. Бүкіл әлем ойшылдары назарға алған ілімді, қазақстандық ғалым Ратбай  Мырзақұловта зерттейді. Нәтижесінде, ол Эйнштейннің кеңітілген теориясын жасап шығарады. Физик өз еңбегін «Мырзақұлов гравитациясы» деп атайды. Дәл осы еңбек шетелде танымалдылыққа ие болып, басылымдарында 10-нан аса мақала жазылған.

Сәуле Нұрқасымова, педагогика ғылымдарының докторы, профессор:

- Жалпы еңбегі үлкен деп айтайық. Себебі ол мынау Скопс журналынан да келіп өзі құрмет, сол журналдың өзі құрметті редакциясында. Атағы үлкен бір ойып орын алатын кісі. Томсон лидер журналы бойынша да өзінің үлкен орны бар. Сондықтан  бұл кісінің қай жерді алып қарасаңыз да. Білімді, ғылымның қай саласын алып қарасаңыз да бұл жерде бұл кісінің алатын орны үлкен.

Қобланды Ержанов, ЕҰУ ''Жалпы және теориялық физика''  кафедрасының меңгерушісі:

- Мырзақұловтың теориясы барлық міндеттерді өте қызықты түрде сипаттайды. Ол нақты дәлелденіп жазылған. Оны әр түрлі елдің ғалымдары белсенді түрде зерттеуде, сондықтан ол әлемдегі ең беделді ғалымдардың, ең көп сілтеме жасалған ғалымдарының тізіміне енді.

Бүгінде Ратбай Мырзақұлов 400-ден астам ғылыми жұмыстың авторы. Оның 300-ден астам мақаласы шетелдік баспаларда жарияланды.

Ақбота Бияхмет, Наурызбай Құрманғазы