Білім саласында 300-ден астам жемқорлық дерегі анықталды

Соңғы үш жылда білім саласында 300-ден астам сыбайлас жемқорлық дерегі анықталды.

192 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылып, 140-ы сотталған. Олар жазасын қатаң режимдегі түзеу мекемелерінде өтеп жатыр және мерзімінен бұрын бостандыққа шыға алмайды. Бұл жайт Талдықорғанда өткен жиында айтылды. Басқосудың Жетісу облысында ұйымдастырылуы да тегін емес. Өйткені кейінгі жылдары облыстық білім басқармасы мен қалалық, аудандық білім бөлімі қызметкерлерінің үстінен қылмыстық істер қозғалған.     

Ғани Бейсембаев, ҚР Оқу-ағарту министрі: 

- Бұл білім саласында жалпы болуға тиісті емес үлкен, ауыр жағдай деп айта аламын. Бұған министрден мұғалімге дейін жауапты болуы тиіс. Бұл жауапкершілікті әрқайсысымыз сезінуіміз керек. Тек қана бір өңірде, бір жерде жасалынған дүние ғана деп қарастырмай, мұның алдын алу, бұған жол бермеу мәселесінде біріге қызмет етуіміз керек.