Биыл тараздық 23 мың оқушы жазғы лагерьлерде демалады

Биыл тараздық 23 мың оқушы жазғы лагерьлерде демалады.

Олар шаһардағы 62 мектеп жанындағы лагер мен қала сыртындағы 2 жазғы-сауықтыру  орталықтарына лек-легімен жіберіліп жатыр. Ал ондағы оқушыларға жасалған жағдай қалай?

12 маусымнан бастап Тараздық оқушылардың алғашқы легі лагерлерге аттанды. Биыл көп балалы және аз қамтамасыз етілген отбасының 3600 баласы қала сыртындағы қос сауықтыру лагерлерінде демалады. Жалпы жазғы сауықтыру демалысына қалалық бюджеттен 212 миллион теңге бөлінді. Бүгін сол лагерлердегі демалушылардың жай-күйімен танысу үшін қала әкімі арнайы барды.

Бақытжан Орынбеков, Тараз қаласының әкімі:

-Жақсы әсер қалу керек жазғы демалыстан балаларда. Біздің алға қойған мақсатымыз сол. Ұйымдастырушылар мынау жеке кәсіпкерлер. Бұлардың да жұмысын біз жеке бақылауға алып отырмыз. Оның ішінде балаларға да қауіпсіздік мәселелерін қамтамасыз етуі, одан кейін тамақпен қамтамасыз етуі оның ішінде оның сапасы. Медициналық мамандардың болуы. Осы мәселелердің барлығын қазір мен өзім қарап шықтым. Барлығы бар барлығы қамтамасыз етілген.

Балалардың жазғы демалысы көңілді әрі пайдалы өту үшін түрлі шаралар ұйымдастырылады. Мәселен бүгін Берікқара шатқалындағы лагерде оқушылар спорттың 8 түрінен жарысты. Жас суретшілердің байқауы өтіп шығармашылық орталық оқушылары әзірлеген жобалар көрмеге қойылды. Шара концерттік бағдарламаға жалғасты.

Айша Серікхан, оқушы:

-Осындай лагерь жиі-жиі болса күшті болатын еді. Бізде мысалы ойнайтын жерлер өте көп. Волейбол ойнайтын полялар бар, футбол ойнайтын полялар бар. Асханада өте тәтті тамақтар береді. Пайдалы және дәмді.

Светлана Надирова, дәрігер-педиатр:

-Біздің қызметкерлер 24 сағат бойы балалардың жағдайын біліп отырады. Оқушылар көбінесе жығылып жарақат алып жатады. Ондай жағдайда алғашқы көмек көрсетеміз. Жарақат күрделі болса ауруханаға жедел жеткіземіз. Деседе астан алуна мен түрлі жарақаттардың алдын алу үшін түсіндіру жұмыстарын жүргізіп тұрамыз.

Шаһардағы 62 мектептің жанындағы лагерлер де жұмыс істеп жатыр. Биыл олар тек мектептегі іс шаралармен шектелмейді. Олар үшін спорт сарайлары мен бассейндерге, демалыс орындары мен саябақтарда іс-шаралар ұйымдастырылады.

Мерей Бает, Руслан Ахатіллә