Атырауда 1500 гараждың орнына мектеп пен балабақша салады

Атырауда 1500-ден аса гараж бұзылып, орнына мектеп пен балабақша салынады.

Бірақ бұл жобаны тұрғындар аса қолдамай отыр. Өйткені олар жергілікті әкімдіктің гараждарды арзанға бағалап отырғанын айтады.

Қыруар қаржыға сатып алған гаражды көбінің сатқысы жоқ. Жанар Жақсыманова алғашында келісіп, құжаттарын тапсырған екен. Кейін белгісіз біреулер гаражын бұзып, бағалы заттарын тонап кеткен. Енді бастапқы бағасы едәуір түсіп кеткенін айтады. Әкімдік бағаны көтермесе, келісім бермейміз, дейді.

Жанар Жақсыманова, қала тұрғыны:

- Құжат тапсырғаннан кейін 2 күннен соң келсек, гараждың қақпасын бұзып, заттарды алып кеткен. 500 мың теңгеге жуық шығын келіп отыр. Осындай жаңалық шыққанға дейін бізде ешқандай ұрлық болған емес.

Полиция департаменті ұрлыққа қатысты тергеу жұмыстарын әлі жүргізіп жатыр. Түскен 17 арыздың кейбірі қылмыстық құрамның болмауына байланысты қысқартылыпты. 

Мейірім Ердәулет, облыстық ПД баспасөз хатшысы:

- 4 қылмыс заттай айғақтармен дәлелденді. Сондай-ақ қазіргі таңда өзге деректер бойынша қылмыстық тергеу әлі де жалғасуда. Бұл бойынша түрлі арыз-шағым келіп түскен. Әкімдікке де барып түсірген арыз-шағымдар бойынша әлі де жан-жақты тергеу амалдары жүргізілуде.

Полиция департаментінің мәліметінше, келген шығын көлемі 6 млн теңгеге жуық. Десе де жауаптылар гараждарды бағалау заң шеңберінде жүргізілетінін айтады. Жалпы 1 гараждың нарықтағы құны 1 млн теңге шамасында екен. Қалалық әкімдік сатып алу үшін қанша ақша бөлінетінін әзірге нақты айта алмайды.

Серікбол Өтеғалиев, қалалық бас жоспар орталығы мекемесінің басшысы:

- Бізде бағалау мекемесі бар. Өзінің нарықтық бағасы бар. Заңдылықтары бар. Барлығы сонымен есептеледі. Заңды талаптарына сәйкес қалай көрсетіледі солай болады. Егер келіспеген жағдайда сот тәртібімен шығарылған шешім негізінде солай болады. Толық ақша алған соң ғана барып құрылыс басталады. 

Биыл 25 желтоқсанға дейін гараж иелері құжатын тапсырып үлгеруі керек. Егер иесі табылмаса, сотқа «иесіз деп тану» туралы арыз-талап беріледі, дейді жауаптылар.

Асланбек Шығыр, тілші:

- Өңірдегі 11 мектепте қазір оқушылар 3 ауысыммен оқып жүр. Жауаптылар қаланың қақ ортасындағы осындай көлікжайларды бұзып, оның орнына «Жайлы мектеп» жобасы аясында 2000 орындық 3 мектеп салуды жоспарлап отыр. Осылайша Лесхоз және Авангард ықшам аудандарындағы 3 ауысымды мектеп мәселесі реттелмек.

Қазір шаһарда 1500-ден аса гараж бар. «Бас жоспар» орталығының мамандары иелеріне құжатты уақытылы тапсыруды ескертеді. Сатып алу жұмыстары неғұрлым тезірек реттелсе, білім ошағының да құрылысы басталады.

Асланбек Шығыр, Темірлан Сұлтанғазиев