Жекеменшік мектептер қосымша қаржы сұрай бастады

Шымкентте жеке меншік мектептердің басшылары жан басына қаржыландыру жүйесін қайта қарауды сұрап отыр.

Өйткені әр балаға мемлекеттік тапсырыс аясында төленетін қаражат олардың оқуына кеткен шығынды ақтамайды. Қазір бюджеттен әр оқушы үшін жылына 445 мың теңге қаралған. Алайда шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік мекемелерге бұдан 127 мың теңге артық аударылатынын айтады.

Кәсіпкерлер палатасындағы кеңесте бәсекелес білім ордаларына ортақ мәселе көтерілді. Айтуларынша, қалада инвестор есебінен салынған жүзге тарта білім ұясы бар. Онда үш мыңнан аса педагог қызмет етеді. Ұстаздар өз деңгейінде біліктілігін арттыра алмай, мемлекеттік қолдаудан қағылып жатыр. Салдарынан кадр тапшылығы да туандап, оқушы саны да азайып барады.

Диана Қараманова, Қазақстандық үздіксіз білім беру қауымдастығы филиалының директоры:

- Жеке меншік мектептер жобалық қуатынан асып кетпеуге тиіс. Бірақ мемлекеттік білім беру ұйымдарында бала саны тығыз, талап сақталмай отыр. Салдарынан жекеменшік нысандар мемлекеттік мектепке жақын орналасса да оқушы санын толтыра алмай әлек.

Асқар Ибраимов, «Қаржы орталығы» АҚ басқарма төрағасы:

- Балаларды жеке меншік мектептер қызықтыра алса, онда мемлекеттік тапсырыс аясында тегін білім алуына еш кедергі жоқ. Тек сапалы қызмет көрсетіліп, оқушылардың ынтасын арттырса болғаны. Алайда басқа оқу ордаларына қарағанда, мұнда қосымша мүмкіндіктер қаралған.