Тамыз кеңесі. «Жайлы мектеп» жайлы білім ордасы болу керек

Елімізде барлық балабақша енді жаңа мемлекеттік стандартқа және оқытудың үлгілік бағдарламасына көшпек. Алғаш рет жекелеген санаттағы бүлдіршіндер тегін тамақтанады.

Бұл туралы Астанада өтіп жатқан республикалық тамыз кеңесінде айтылды. Екі күнге созылатын жиында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын орындау жайы да, талқыланып жатыр. 

Биылғы «Тамыз кеңесі» білім алуға ыңғайлы инфрақұрылымды қалыптастыруға бағытталды. Елде 740 мың орынға шақталған 370-ке жуық жайлы мектеп салынады.

Ұлттық жобаның орындалуына 2,5 трлн теңге бөлінеді. Қазір құрылысқа жауапты мердігерлер анықталып жатыр. Ендігі міндет «Жайлы мектепте» жайлы білім алуға жағдай жасау.

Қасымхан Сенғазы, Астана қалалық білім басқармасының басшысы:

- Жайлы мектептерді салғаннан кейін оның ішіндегі тәрбие мен білімге де көңіл бөлініп жатыр. Секция жұмыстарында ата-аналармен бірлесіп, тәрбие жұмыстарын ұйымдастыру, педагогтармен инновациялық бағыттағы білім беруді және жайлы мектептердің нормативтік құқықтық базаларын талқыланып жатыр қазір.

Иә, Елорданың өзінде қазір 26 мың орын тапшы. Ал Ұлттық жоба мәселені түбегейлі шешуге сеп болады. Оның аясында 90 мың орындық 24 мектеп салу көзделеді.

Қасымхан Сенғазы, Астана қалалық білім басқармасының басшысы:

- 8 мектеп үш ауысымды, 18 мектеп өзінің жобалық қуатынан шамадан тыс артық. Оны біз жасырмаймыз. Біздің қойып отырған талабымыз 2024 жылы біршама мектепті тапсыру, 2025 жылы толықтай аяқтау.

Жайлы мектептің типтік білім ошақтарынан артықшылығы көп. 300-ден 2 жарым мың орынға дейін шақталған жаңа ғимараттарда робототехника кабинеті, бірнеше зертхана, хореография залы, үш коворкинг алаңы болуы маңызды. Сондай-ақ бастауыш, орта және жоғарғы сынып оқушыларына бөлек спорт залдары ұсынылады. Ең бастысы ауыл мен қала балалары бірдей жағдайда білім алады.

Клара Меңдіғалиева, БҚО білім басқармасы басшысының орынбасары:

- БҚО-да 18 мектеп 16700 орынға салынады. Самрұқ-Қазына констракшнда тендер өткізіліп, мердігер анықталды. 5 мектебіміздің жұмысы басталып кетті.

Өңірлерде салынатын мектептердің аумағы дайын. Ал отандық кәсіпкерлер нысандарды толық жабдықтауға ниетті. Бірқатары Елордада бас қосып, шағын көрме ұйымдастырды.