СҚО мектептерінде 231 мұғалім жетіспейді

Солтүстік Қазақстан облысына 231 мұғалім жетіспейді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Математика, информатика, орыс тілі мен әдебиеті мамандарына деген сұраныс жоғары. Мәселе әсіресе шалғай ауылдарда өткір тұр. Бұған не себеп?

Облыс орталығынан 200 шақырымнан астам жерде орналасқан Ольгинка ауылындағы мектеп биыл 3 маманмен толықты. Дегенмен әлі 2 мұғалім жетіспейді. Сондықтан сұранысқа ие ұстаздар көрші елді мекендерден қатынап келіп, балаларға сабақ береді. Мектеп директорының айтуынша, қазір қолына дипломын алған жас мамандардың көбі ауылға барғысы жоқ. Сондықтан осындай мәселе туындап отыр.  

Әлібек Зәбенов, Ольгинка негізгі мектебінің директоры:

- Бізде шағын жинақталған мектеп. Сондықтан да, мысалға, қазіргі таңда ән-күй сабағы бір-ақ сабақ аптасына. Яғни, 1 сағатқа ешкім келгісі келмейді. Сондықтан ол мәселені көрші ауылдардың мектептерімен келсіп, біріктіріп, сабақ беріп жатырмыз. Олар жаңағы сабақ кестесіне қарай безге келіп, ән-күйден 1 сағатын, информатикадан 5 сағатын беріп кетеді.

Сала мамандарының сөзінше, шалғайдағы шағын мектептерде маман тапшылығы сезіледі. Өйткені оқушы саны аз, сәйкесінше ұстаздардың сағаты  да аз. Бүгінде өңірде 231 маманның орны бос тұр. Әсіресе информатика, орыс тілі, физика сынды пәндердің мұғаліміне сұраныс жоғары. Мұндай мәселе барлық ауданда бар.

Гүлшәт Шәймерденова, облыстық білім басқармасының бөлім басшысы:

- Қазір біз еліміздің бірнеше жоғары оқу ордаларымен меморандум жасадық. Осының арқасында болашақта бос орындарды жабамыз деген ойдамыз. Мұнымен қоса бағыттары бірыңғай пәндердің мұғалімдерін қайта даярлаудан өткізіп жатырмыз. Зейнет жасындағы ұстаздарды да жұмысқа шақырдық. Оның үстіне дипломмен ауылға бағдарламасы тағы бар. Яғни, елді мекендерге барамын деген жандарға бірқатар жеңілдік қарастырылған. 

Биыл өңірдегі университетпен колледжді педагогика мамандығы бойынша мыңға жуық түлек тәмамдаған. Оның тек 371-і қазір мектепте шәкірт тәрбиелеп жатыр. Ал қалғандары басқа саланы таңдаған.  

Авторлары: Самат Қайырденұлы, Қуаныш Қазбеков.