Қызылордада жасанды интеллект мектебі ашылады

Келесі жылы Қызылордада жасанды интеллект және информатика жоғары мектебі ашылады.

Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігі хабарлады. Бастама Президенттің жасанды интеллект технологияларын дамыту жөніндегі тапсырмасы аясында жүзеге асады. Жоғары мектеп – Қазақстан мен Кореяның бірлескен жобасы. Толығырақ Сеулдегі меншікті тілшіміз Владислава Цойдың бейнематериалында.

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінде жасанды интеллект жоғары мектебін ашу жұмыстарына Сеулдегі ұлттық ғылым және технология университетінің мамандары көмектеседі. Кореяның ұлттық зерттеу қоры мен білім министрлігі 2029 жылға дейін жоспарланған бұл жобаға 1 миллиард теңгеге жуық грант бөлді.

Бейбіткүл Кәрімова, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің ректоры:

- IT саласының 3 бағыты бойынша – киберқауіпсіздік, жасанды интеллект және компьютерлік ғылымдар. Кореяның осы университеттің мамандары келу арқылы және инфраструктуралық бағытта да қолдау болады. Бірінші кезекте біз өзіміздің мамандарды оқытатын боламыз және осы жақтағы шақырған профессорлардың көмегімен әлеуетімен осы жобаны Қазақстанда жүзеге асырамыз.

Жасанды интеллект технологияларын дамыту бойынша тағы бір жобаны Оңтүстік Кореяның Шинхан университеті мен Алматы Ішкі істер министрлігі академиясы жүзеге асырмақ.

Ан Вон Ик, Шинхан университетінің профессоры:

- Алматыда өтетін халықаралық ғылыми конференцияда баяндама жасаймын. Сонымен қатар мен Алматы Ішкі істер министрлігі академиясының студенттеріне киберқауіпсіздік және жасанды интеллект, цифрлық криминалистика, сондай-ақ үлкен деректер тақырбы бойынша арнайы дәріс оқимын. Жасанды интеллектіні түсіну және пайдалануға дайындық болашақты басқару үшін маңызды деп есептеймін.

Қорқыт Ата университетінің 1 курс студенттері Сеул ғылым және технология университетінің бағдарламасы бойынша ілім алу үшін іріктеуден өтті. Қазір олар ағылшын және корей тілдерін жеделдетілген курстарына қатысып жатыр. Жоба аясында Қызылордаға Кореядан заманауи зертханалық құрал-жабдықтар жеткізіледі.Осылайша, Қазақстандағы жасанды интеллект және информатика жоғары мектебі Сеул университетінің филиалына айналады. Жоба өз кезегінде өзге елдердің студенттерін қызықтырып, Қызылорданы аймақтың IT орталығына айналдыруы мүмкін. 

Авторлары: Владислав Цой, Ольга Лян.