Түркістанда қазақ-түрік жастарының жиыны өтті

Түркістандық жастар Түркияда білім алады.

Бұл туралы рухани шаһарда басталған «Қазақстан - Түркия жастар көпірі» атты шараның ашылуында  айтылды. Жергілікті билік Түркия Республикасының Мәрмара университетінмен екіжақты келісімге келді. Бұл мақсатқа Түркістан облысы биыл 35 грант бөліп отыр. Студенттер түрік елінде медицина және IT мамандықтары бойынша білім алады.

Қазақ-түрік жастарының бірлігін нығайтуға арналған шараға Түркиядан 20 делегат пен еліміздегі жастар ұйымдарының өкілдері қатысты. Олар білім, ғылым және мәдениет саласынан бөлек, креативті индустрия, жаңа технология және ұлттық бренд сияқты тақырыптарды талқылады.

Абдуллах Сайд, Аккуш Түркия Республикасы Жастар және спорт министрлігінің департамент басшысы:

- Барлық түркілер бір садақтан тартылған жебе сияқты. Барлығымыз бүкіл әлемге осы қазақ даласынан тарадық. Атажұртқа келіп, қуанып жатырмыз. Сондықтан екі елдің жастары арасындағы байланысты нығайту, тарихи сананы жаңғырту, бірлігімізді бекемдеу – ортақ мүддеміз. Біз бұдан кейін де жастарымыздың басын қосатын жиындарды көбейтеміз. Түркияда өтетін әртүрлі жиындаға қазақ жастарын тартатын боламыз.

Бейсен Тәжібаев, облыс әкімінің орынбасары:

- Күні кеше Түркі мемлекеттерінің басқосуында да Президент атап өтті. «Әсіресе біз келесі ұрпақты, келесі буынды бір-бірімен жақындыққа, бір-бірімен бауырлыққа, бұдан да терең байланысқа түсетін уақытқа дайындауымыз керек» деп. Ол кезеңге дайындайтын бірден-бір жол ол білім, ғылым, спорт және мәдени шығармашылық бағыттағы байланыстар болады деп ойлаймыз. Сондықтан біз осы бағыттағы жұмыстарды жаңа бағытта қолға алудамыз.