Қазақстандық студент дронмен зат жеткізу қызметін сынақтан өткізіп жатыр

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке 2026 жылға қарай отандық IT қызметтерінің экспортын бір миллиард долларға жеткізуді тапсырған болатын.

Бұған үлкен шетелдік IT-компаниялармен бірлескен кәсіпорындар ашу жәрдемдесетінін де атап өткен еді. Ал қазір АҚШ-та білімін жетілдіріп жүрген қазақстандық жастардың дені IT саласындағы жаңашылдықты жетік меңгеріп ғана қоймай, өз мүмкіндіктерін де жүзеге асырып жатыр.

Бостон университетінің түлегі Бисенбай Дәулетбаев Қазақстанда IT саласында жұмыс істейді. Таяуда ол біліктілігін арттыру мақсатында АҚШ-қа қайта оралды. Осында американдық мамандармен бірлесіп халықаралық электронды саудамен айналысатын алып компания Amazon-ның қызмет сапасын арттыратын жаңа жүйе ойластырып жатыр. Айтуынша тапсырысты тез әрі тиімді жолмен жеткізу үшін жасанды интеллект есептеген бағыт бойынша дрон арқылы тасымалдау жүйесін сынақтан өткізуде. 

Бисенбай Дәулетбаев, Бостон университетінде тағылымдамадан өтуші:

«Амазон, DHL деген компаниялар қолдануы мүмкін. Олар пока сол грузовикпен тасиды ғой, бірақ біз енді қараңыз, үстінен дрон қосамыз. Яғни грузовик бір уақытта бір клиентке бір затын апарып бара жатқан уақытта оның үстіндегі дрондар қасындағы клиенттерге барып зат апарып қайтадан грузовикке келіп басқа зат алып, солай екеуі бірге жұмыс жасап, көрдіңіз ба, солар арқылы біз одан сайын уақытын тездетеміз. Бір жолда ол мысалы үш клиенттің или төрт клиенттің доставкасын жасап қоюы мүмкін.

Төте жолдардың алгоритмі жасанды интеллект арқылы математикалық жолмен анықталады. Ауыр заттарды жүк көліктері, жеңіл тапсырысты дронмен жеткізуге бағытталған бұл жүйе медицина саласының жұмысын жеделдетуге де тиімділігі мол.

Бисенбай Дәулетбаев, Бостон университетінде тағылымдамадан өтуші:

«Бірінші уақыт екінші қашықтық. Яғни қаншалықты аз дистанция жүрдіңіз. Осы екі көрсеткішпен нәтижесін тексересіз. Мысалы Амазонда прайм эйр деген сервис бар, ол жеке прайм адамдарға яғни отыз минут ішінде доставка келетіндей, ол в основном хоспитал яғни больницаларға болуы мүмкін, бір таблеткалар алып беруге тез керек болса мысалы дронмен 30 минуттың ішінде апарып береді». 

Тар уақытта таптырмайтын мұндай жедел қызмет жүйесі кейбір Еуропа елдерінде қолданысқа енгізілген. Ал әлемдік тауар тасымалдаушы компаниялар қызығушылық танытқан жүйені Бисенбай барынша жетілдірмекші. Ол тағылымдамасы тәмәмдалған соң елге оралып бірнеше жобаны жүзеге асырмақ. 

Нұрбек Бекен