Жасанды интеллект қазақша сөйлей бастады

Мамандар бел шешіп, осы іске кіріскен.

Бұл ең алдымен қазақ тілін - ғылым тіліне айналдыру үдерісі.

Яғни бұл жаңашылдықты мемлекеттік мекемелер мен бизнес саласында да кеңінен қолдануға болады.

Жасанды интеллект қоғамға дендеп еніп келеді. Адамның қолын ұзартып қана қоймай, ақыл айтуға көшті. Тіпті қазақ қоғамы үшін үлкен проблемаға айналған тіл мәселесіне де қолғабыс етпек. Тек дұрыс пайдалану керек. «Тіл - Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы да жаңа технологияның игілігіне сенеді.

Марат Жақсыбаев, Сөйлеу технологиялары жөніндегі компания жетекшісі:
- «Тіл - Қазына» да дауыс синтезінің дайын моделін сынап көруге ниет білдірді. Келесі жылы оны барынша қолданбақшы. Ол қарапайым азаматтарға ғана емес, мемлекеттік мекемелер үшін де өте пайдалы болады. Алғашында кедергілер көп болды. Әсіресе, қазақ тіліндегі деректер базасының болмауы қиындық тудырды. Тілдік модельді дайындап, деректерді жинауға үш жыл жұмсадық. Пилоттық жобаларымыз сәтті өтті. Қазір бірқатар ұйыммен тығыз байланыстамыз.

Марат Жақсыбаев басқаратын компания синтездеу, дауысты тану, дауыс биометриясымен айналысады. Негізінен жасанды интеллект немесе дата индустриясын қазақ тілінде сөйлетуге тырысады. Бастысы нәтиже бар.

Академик Асқар Жұмаділдаев та «қазақ тілін ғылым мен техника тіліне бейімдеуіміз керек», - дейді. Яғни шетелдік технологияны пайдаланып қана қоймай, отандық үлгілерін де шығаруға көңіл бөлу абзал.  

Асқар Жұмаділдаев, академик, ҚР Президенті жанындағы ұлттық ғылым академиясының вице-президенті:
- Қазір шүкір бұл қаржы көбейді. Мысалы биылғы бөлінетін қаржы, осыдан 2-3 жыл бұрынғы қаржыдан 4-5 есе үлкен. Сондықтан біз мұны құптаймыз, Өте жақсы ниет деп білеміз. Алайда екінші мәселе – бұл қаржы қалай жұмсалады? Қай бағытта жұмсалады? Егер тек қана мақала жазумен шұғылдансақ, онда ісіміз өнбейді. Біз қалай болғанда да осыны зауыттарға фабрикаларға енгізу мәселесін ойлауымыз керек.

Жаңа технология, жасанды интеллектіні барынша зерттеп, қолданып жүргендердің тағы бірі Мейіржан Әуелханұлы. Ол қазнеттегі ақпараттың, қазақ тіліндегі мәліметтер қорының мол болуы технологиялардың қазақша сөйлеуін жылдамдатады дейді. Әрі дұрыс нәтиже алу үшін берілетін жасанды интеллектіге берілетін тапсырманың өзі сауатты болуы маңызды.

Мейіржан Әуелханұлы, IT маман:
- Әртүрлі саладағы қазақ тіліндегі ақпараттың ғаламтор бетінде көп болуы жасанды интеллект тікелей қазақша сөйлеуіне әсер етеді. Яғни біз күнделікті өмірде қазақ тілінде сөйлесек, қазақ тіліндегі ақпаратты тұтынсақ, көп өтпей жасанды интеллект болсын, басқа да салалар тез жылдам қазақ тілінде сөйлейтін болады.

Жасанды интеллект қазақтың экономикасына да, тіліне де қызмет етуге тиіс. Технократ мемлекет болудан үмітті ел ертеңін ойласа заман көшінен қалмауды ойластырса, қане.   

Асқар Жұмаділдаев, академик, ҚР Президенті жанындағы ұлттық ғылым академиясының вице-президенті:
- Қазақстан технократтық ел бола алады. Дәлірек айтсақ бола алады емес, болуы міндетті. Баяғыда коммунистік және капиталистік идеология кезінде ел бәсекелессе, бір бірімен идеология майданында бәсекелесетін. Біздің қоғамымыз озық қоғам, сіздің қоғамыңыз қалып қоғам деген сияқты. Бүгінде уақыт өзгерді, екі ел бәсекелессе, олар ресурс майданында және технология майданында бәсекелеседі. Сіздің идеологиялық ұстанымыңыз ешкімге қызық емес. Сондықтан егер қазақ тарихтың құмында көміліп қалмасын десек, ол технократтық елге айналуға міндетті.

Қазақ ғалымдарының жетістіктері көп. Қай салада болсын оң өзгеріс бар. Бастысы қазақ тілі ғылым тіліне айналуға тиіс. 

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Ербол Дайыров