Төл тарихты төрге шығарған жоба

Америка мен Еуропада танымал HISTORY TIMELINE жобасы біздің елге де жетті. Мұны елордалық студент жасады.

Нұрайлы Инаят тағылымы терең тарихты қағаз бетіне түсірген. Мұндағы жаңашылдық болған уақиғаларды тез еске сақтауға болады. Бұл әсіресе жас зерттеушілер мен оқушыларға пайдалы дүние.

Нұрайлы жобаға 3 ай уақытын арнаған. Плакаттардың дизайнына әкесі көмектессе, достары арнайы сайтты іске қосқан. Ұлт тарихын ұлықтаған жоба көптің де көңілінен шығып отыр.

Нұрайлы Инаят, жоба авторы:

- Басты ерекшелігі балаларға да, ересектерге де пайдалы және түсінікті. Өйткені былай қарасаңыз ақпарат қысқа-нұсқа, бірақ көрнекті, визуалды ақпарат арқылы өте түсінікті және қызықты. Былай енді Қазақстанда бұл формат алғаш рет енгізіліп тұр. Оның алдында болмаған.

Бүгінде Нұрайлы 4 постер ұсынып отыр. Біріншісі – Қазақ ордасы деп аталады. Керей мен Жәнібек, Қасым хан, Есім хан сынды 30-ға жуық тұлға жайлы ақпарат бар. Екінші – 3000 жылдық тарихы бар көне сақ, ғұн тайпаларынан бастап Тәуелсіз Қазақстанға дейінгі хронологияны қамтиды. Одан бөлек 16 ұлы түркі патшалығы бейнеленген көне Түркі тарихы. Алаш ордалықтарды да ұмытпаған.

Нұрайлы Инаят, жоба авторы:

- Осы жобамызды бастағанымызға бір жарым ай болды. 4 плакатты ұсынамыз. Оқушыларға өте пайдалы, көмекші құрал ретінде қолдана алады. Тарих – қиын пән. Бірақ осындай постерлар арқылы тарихты оқыса, көрнекті ақпаратқа қараса оқу әлде қайда қызықтырақ, әлде қайда оңай болады.

Автор өз туындыларын мектептерге көмекші құрал ретінде ұсынады. Сондай-ақ ағылшын тілінде шығаруды да жоспарлап отыр. Осылайша жаһан жұртына қазақтың төл тарихын әйгілемек.

Әлішер Әли, Мейрам Жүнісов, «24.KZ».