Жошы ұлысының тарихы терең зерттеледі

Жошы ұлысының 800 жылдығына орай ауқымды ғылыми зерттеу жұмыстары жүргізіледі, деп хабарлайды 24KZ.

Осы кезеңді зерттеудің өзекті мәселелерін тарихшылар, шығыстанушылар, археологтар мен сарапшылар дөңгелек үстел барысында талқылады. Ғалымдар Қазақстан аумағында құрылған Жошы ұлысы қазақ хандығының құрылуына, әдебиетіміздің, мәдениетіміздің қалыптасуына зор ықпал еткенін айтты. Кейінгі жылдары парсы, араб, түркі тілдеріндегі дереккөздерді аударудың нәтижесінде отандық және ресейлік ғалымдар 2 кітап шығарды. Конференция барысында аталған еңбектер таныстырылды. Сондай-ақ жуырда тарихшы, арабтанушыларымыздың аударған тың еңбегі мен Алтын Орданың этносаяси энциклопедиясы жарыққа шығады.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында Жошы ұлысы 6 ғасыр бойы еліміздің аумағында билік құрғанын, әрі бұл кезең тарихымыз үшін алтын ғасырға айналғанын атап өткен болатын.  

Серғазы Ахметқұл, «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ орталығы директорының орынбасары:

- Қалыптасу тарихы қандай болды, қазіргі таңда тарихи түпдеректерде, археологиялық материалдарда соңғы жаңалықтар қандай, сонымен қатар мынау пост моңғол мемлекеттері дейміз ғой, оның ішінде Жошы ұлысы бар, Шағатай ұлысы, Моғолстан мемлекеті, соған қатысты тақырыптар да көтеріледі. Өйткені, өздеріңізге белгілі, Моғолстан жерінде Қазақ хандығы құрылды. Сондықтан да бұл ұлыстарды Жошы ұлысынан бөлек қарастыруға болмайды. Бұл да – біздің ортақ тарихымыз.