Шалқарда құрылысы тұралап қалған мектеп қолданысқа берілді

Ақтөбе облысында құрылысы тұралап қалған мектеп қолданысқа берілді.

Шалқар қаласындағы білім ордасының іргетасы бес жыл бұрын қаланған. Алайда мердігер жүктелген міндетті атқармай, жұмысты жарты жолдан тастап кеткен. Салдарынан нысан «сыбайлас жемқорлық тәуекелдері картасына» еніп, құзырлы органдардың қатаң бақылауында болды. Жалпы биыл өңірде дер кезінде тапсырылмаған 4 ғимараттың құрылысы аяқталды.

Ақдәулет Қайролла бұл мектепте бірінші кластан бастап оқып келеді. 11 жыл бойы білім алған алтын ұясының жаңарып, зәулім ғимаратқа көшкеніне дән риза. Бала күнінен футбол үйірмесіне қатысатын жеткіншек бұдан былай білім ордасының спорт залында емін-еркін жаттығатынына қуанып жүр. 

Ақдәулет Қайролла, оқушы:

- Бұрында бізде осы спортзал болмаған кезде 8-мектеп пен ФОК ғимаратында болды. Енді осы жерде болады бүкіл жарыстардың барлығы да. Барлығы кең. Бүкіл жағдай жасалған бізде.

Іргетасы 1907 жылы қаланған білім ордасынан 116 рет түлектер ұшып шыққан. Бұған дейін оқушылар қызыл кірпіштен қаланған тарихи ғимаратта білім алып келді. Ұстаздар балаларды сыйғызу үшін түрлі әдіс-айла жасап әлек болған. 

Мансұр Есқожин, тілші:

- Ғасырдан астам тарихы бар ғимаратта оқу бөлмелері жетпегендіктен мұғалімдер мынадай етіп дәлізді үшке бөлген. Бір жағында ағылшын тілі пәні өтсе, екінші бөлігінде бастауыш класс тәлім алып келген.

320 оқушыға арналған мектептің жаңа бөлігінде спорт және акт залдарынан бөлек 22 кабинет бар. Мыңға жуық оқушыны сыйғызу үшін ескі ғимарат та пайдаланылады. Ұстаздар мұнда тарих пәнінің сағаттарын ұйымдастыруды көздеп отыр. «Бастысы балаларға тәлім-тәрбие беруге қолайлы жағдай жасалды», - дейді.

Әлия Әбдіғапарова, Шалқар қалалық №5 мектеп директоры:

- Біз енді екі ауысымда, 5 күндік режимге көшетін боламыз. Себебі осы уақытқа дейін біз 6 күндік режиммен сабақты жүргізген болатынбыз.

Мектептің жаңа ғимаратының құрылысы 5 жыл бұрын басталған еді. Бюжеттен бастапқыда 900 млн теңге қаржы бөлінді. Алайда құрылыс созылып, жоба қайта қаралған. Қажетті материалдардың қымбаттауына байланысты қосымша қаражат құюға да тура келген.

Аслан Жарасбаев, облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының м.а.:

- Келісім-шарттағы міндеттерін толыққанды орындамағандығы үшін мердігер мекемемен бұрынғы сот арқылы келісім-шартты бұздық. Одан кейін түзету енгіздік, осы мәселеге байланысты жобаның уақыты созылып, міне бүгінгі күнде аяқталып отыр.

Жергілікті билік үш ауысымды және апатты күйде тұрған білім ордалары мәселесін екі жыл ішінде түбегейлі шешуді көздейді. Бұл мақсатта өңірде қазір 44 мектеп салынып жатыр. Олардың тең жартысына жуығы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының шеңберінде.

Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков