Отансүйгіш ұстаз мектеп кабинетін ерлік мұражайына айналдырды

Мектеп кабинетін ерлік мұражайына айналдырды.

Алматы облысы Беріктас ауылында тұратын ұстаз Жанбол Өмірзақов – елі мен жерін сүйетін нағыз патриот азамат. Алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі сабағын ерекше өткізеді. Өмірі өнегелі ержүрек батырлар мен батыл адамдардың әрекетін дәріптеп, жастарға үлгі етеді.

Беріктас ауылының тұрғыны, мұғалім Жанбол Өмірзақовтың жасы 60-та. Негізгі мамандығы – металлург. Алматыдағы политехникалық институтта оқи жүріп, әскери кафедраны тәмамдаған. 2001 жылдан бері ауылдағы мектепте алғашқы әскери дайындық пәнінен сабақ береді. Содан бері сыныпқа түрлі көрнекілік құралдарды, танымал тұлғалардың суреттерін әкеле бастады. Мұнда қазақтың әйгілі батырларынан бастап, соғыс ардагерлерінің, ел намысын қорғаған белгілі спортшылардың суреттерін тамашалап, ақпарат алуға болды.

Жанбол Өмірзақов, мұғалім:

- Не жасасам да, осы балалардың тәрбиесіне өзімнің үлесімді қосқым келді. Олар болашақта осы адамдардан үлгі алып, сондай жақсы азамат болып өссе, менің де кішкене қосқан үлесім бар деп өзім есептеймін.

Отансүйгіш ұстаз сыныпты нағыз мұражайға айналдырды. 20-ма жылдан астам уақытта мыңнан астам адамның суреті жиналды. 30 үлкен, 75 кіші ту мен 40 стенд қойылды. Сабақ барысында Жанбол Тоқтасынұлы әр кейіпкерге жеке тоқталады. Жасаған ерлігі мен адамгершілік қасиеттерін айтады. Сөйтіп, оқушыларды ізгі амал жасауға шақырады.

Балнұр Саматқызы, оқушы:

- Бұл тек атақ-даңқты алу емес, оқушыларға осындай патриоттық тәрбиені берумен байланысты болады. Біз бір апатада, жұма күні сабақ өткенде Жанбол ағай әрбір картинаны бізге таныстырып отырады. Қарапайым халық ішінен шыққан қаһармандарымыз жетерлік. Біз солардың суреттерін өзара көре отыра, ерлік пен батылдыққа қол жеткіземіз.

Ұстаз оқушыларының саналы, білімді болғанын қалайды. Дұрыс тәлім-тәрбие беріп, халық даналарының нақыл сөздерін еске салып отырады.

Жанбол Өмірзақов, мұғалім:

- Ғабит Сәрсенбаев: «Отанды сүй! Отан – сенің тербелетін бесігің. Қоғамды сүй! Сол қоғамда тіркелген сенің есімің». Баубек Бұлқышев атамыздың: «Тірі болып, жүз жыл жасап, тек тұрудан, бір күн артық ел үшін еңбектенген». Әрине, Бауыржан Момышұлы атамыздың: «Тәртіп – жауынгердің бірінші қаруы. Еліңді сүйсең, ерлік істейсің. Адам болу – қасиет, азамат болу – міндет. Патриот болу – парыз».

Ауылда қарапайым мұғалім бола жүріп, Жанбол Өмірзақов елге танымал болды. Еңбегі еленді. Президенттің Алғыс хатымен, Оқу-ағарту министрінің алғыс хаттарын алды. «Батыр шапағаты», «Отан патриоты» төсбелгісімен марапатталды.

Авторлары: Алмас Садуақас, Аят Дүйсембаев, Аманжол Жөнкешов.