Ақтауда оқушылар сабаққа ұлттық киіммен келетін мектеп бар

Ақтауда балалар сабаққа ұлттық киіммен келетін ерекше білім ұясы бар.

№19 мектеп-гимназияның бастауыш сынып оқушылары бірыңғай түстегі тақия мен заманауи үлгідегі кеудеше киіп жүр. Ендігі кезек жоғары сыныпта оқитын жеткіншектер дәстүрлі мектеп формасын ұлттық киімге ауыстырмақ ниетте. Бұл бастаманы ұстаздар қауымы да қолдап отыр. Талғат Исламұлының сюжетін көрейік.

Көк тумен түстес тақия, жеңсіз кеудеше киген 27 ұл-қыз үшінші сынып оқушылары. Олар жыл басында дәстүрлі мектеп формасын ұлттық әрі заманауи үлгідегі киімге ауыстырды. Мұғалім көтерген бастаманы ата-аналар бір ауыздан қолдапты. Өзгелерден ерекше киіммен сабаққа келетін оқушылар да қуанышты.

Раяна Екібай, оқушы:

- Маған бұл киімдер ұнайды. Басқа сыныптардан ерекше болып жүреміз. Өйткені барлығымыз бірдей киінеміз. Ыңғайсыз болған жоқ, өйткені бұл қазақтың ұлттық киімі.

Шолпан Қошманова, бастауыш сынып мұғалімі:

- Ұлттық идеологиямызды дәріптеу, сондықтан да ұл-қыздарымыз тек қана қонаққа барғанда кимейді бұл киімді. Күнделікті киіп жүруге болады екен. Біз де мәзбіз, балалар да мәз.

Ұлттық нақыштағы киімдерді көпке дәріптеген мектеп-гимназияда үш мың бес жүзге жуық бала бар. Мыңнан астамы бастауыш сыныпта оқиды. Өзінен кіші балалардан жоғары сынып оқушылары үлгі алып, бірыңғай түстегі тақия мен кеудеше тіккізіп жатыр. Ұстаздар қауымы да күнделікті киетін костюм, көйлегін этно үлгідегі қазақы киімге ауыстырмақ ниетте.

Мәдина Әбдиева, мектеп-гимназия директоры:

- Ата-ана болсын, мұғалім немесе оқушы болсын, олардың әрқайсынің пікірі мен ойы біз үшін құнды. Бірге тәрбиелеп отырғандықтан олар көтеріп отырған кез келген және ол дұрыс идея болса оны құптауға біз әрқашанда дайынбыз.

Білім ұясында биыл «Nomad» атауымен танымдық клуб ашылды. Мұнда оқушылар Қазақстан тарихы пәнінен үйірме сағатына қатысады. Оқу кабинеті тақырыпқа сай әсем безендірілген. Кіреберісте шәкірттерді әсем безендірілген мынадай шағын киіз үй қарсы алады.

Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев