Астанада талдау мектебінің үшінші кезеңі аяқталды

2 айда қатысушылар талдау, сараптама материалдарын әзірлеу дағдыларын меңгерді, деп хабарлайды 24KZ.

Оларға Қазақстан мен шетелден шақырылған сарапшылар дәріс берді. Бүгін Талдау мектебінің түлектері ақтық жобаларын таныстырды. Жоба тұрақты даму мақсаттарын қамтитын бағыттарда жасалған. Қатысушылар әр тақырып бойынша сарапшылардың арасында сауалнама жүргізіп, белгілі бір мәселенің шешу жолдарына қатысты ұсыныстарын әзірледі.

Айта кетейік, Талдау мектебіне өтінім берген 400 үміткерлік ішінен 60-сы ғана іріктеуден өткен еді.  

Жасұланбек Майлыбай, Талдау мектебін ұйымдастырушы:

- Осы жылы БҰҰ орнықты даму мақсаттарының негізінде басты тақырып ретінде алдық. Яғни, 5 тақырыпты алдық. Оның ішінде су мәселесі, денсаулық, білім, еңбек ресурстары деген мәселелер бар. Сол мәселелерді... Іріктеу кезінде олардың еңбек тәжірибесінде кездескен немесе сол салада жұмыс істейтін мамандарға басымдық берілді.

Сенат төрағасы әр жобаның өзектілігін, мазмұнды талдау жасалып, баяндаманың егжей-тегжейлі сараланғанын атап өтті. Мәулен Әшімбаевтың пікірінше, Талдау мектебіне тартылған дәріс берушілердің еңбегі толық ақталды.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

- Биылғы жобаның бірқатар ерекшелігі бар. Командалық жұмыс пен тәлімгерлер белсенді түрде мектеп жұмысына араласқаны анық байқалды. Менің ойымша, тәлімгерлеріміз әр маманның өз ісіне жауапкершілікпен қарауды, болашақ әріптестерімен қарым-қатынас құрудың жарқын үлгісін көрсете алды. Жалпы екі айда қарқынды жұмыс атқарылды. Талдау мектебінен оқып, ойға түйгендеріңізді, тәжірибелеріңізді әрі қарай кәсіби қызметтеріңізде сәтімен қолданасыздар деген ойдамын.