С. Нұрбек: Ғылымға бөлінетін қаржы аз

Қазақстанның ғылымға бөліп жатқан қаржысы басқа дамушы елдермен салыстырғанда едәуір аз.

Отандық саланың тамырына қан жүгірту үшін, елдің жалпы ішкі өнімінен, кем дегенде 1 процент қаражат ғылыми зерттеулер мен өндіріске жұмсалуы керек. Мәселен, бұл көрсеткіш Оңтүстік Кореяда 5 процентке жуықтап қалды. Ал Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше елдерде, шамамен 2,5 процентті құрайды. Бүгін Мәжіліс қабырғасында жаңа заң жобасын таныстырған Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек осылай деді. «Ғылым және технологиялық саясатты» дамытуға бағытталған құжат, бірінші оқылымда мақұлданды.

Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:

- Ғалымдардың нақты деңгейін анықтайтын құралдарды енгізіп отырмыз. Заң жобасының шеңберінде коммерцияландыру жүйесін жетілдіру, сондай-ақ ақпараттық білім беру, қаржы ресурстарын тарту мақсатында бизнес-акселерацияға, технологиялық бизнес-инкубацияға үлкен мән берілген. Мемлекеттік қаржыландыру қаншалықты ұлғайтылса да, сіздерге берілген кішігірім ақпараттың ішінде өзіңіз көріп отырсыздар, 3,5 есе ұлғайтылды Президенттің қолдауымен. Соңғы үш жылдығымызға 643 млрд теңге, келесі үш жылдыққа 730 млрд теңге бөліп отыр қазір Үкіметтің қолдауымен. Бірақ бұл жеткіліксіз.