20 мыңнан астам мектепке «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы енгізілді

Оқу жылының басынан елдегі 20 мыңнан астам мектепке "Біртұтас тәрбие" бағдарламасы енгізілді, деп хабарлайды 24KZ.

Оның аясында 90 мың педагог тәрбие ісін жаңаша ұйымдастырудың қыр-сырын меңгеру курсынан өткен. Бұл – білім беру ошақтарындағы тәрбие тәсілдерін жаңарту мақсатында қолға алынған жұмыстың бір парасы. Оқу-ағарту вице-министрі құзырлы органның тың жобалары жайлы баяндады. Еділ Оспанның айтуынша, министрлік бастамасымен «Ата-аналарды педагогикалық қолдау орталығы» ашылып, «ата-ана, бала, педагог» арасындағы үштік одақ жұмысы жолға қойылды. Бұдан бөлек, «Жас сарбаз», «Жас волонтер», «Жас эколог» және тағы басқа балалар мен жасөспірімдер қозғалысына 2,5 млн оқушы тартылған.

Еділ Оспан, ҚР Оқу-ағарту вице-министрі:

- Тәрбие ісінде балалар мен жасөспірімдер қозғалысының, волонтерлік ұйымдардың маңызы зор. Бұл бағытта министрлік арнайы жол картасын әзірледі. Жол картасы аясында «Менің бауырым» жобасы іске қосылып, 3 мыңнан аса волонтер балалық шақтың бақытты өтуіне бағытталған іс-шараларды ұйымдастыруға кірісіп кетті. Жас еріктілердің бастамасымен «ДОСБОЛLIKE» – достық қолыңды соз» акциясы мектептерде өтті.