«Жас Сәтбаев» зияткерлік ойыны аяқталды

Сәтбаев университеті жас таланттарды іздейді, деп хабарлайды 24KZ.

Жоғары оқу орнының ұйымдастыруымен биыл үшінші рет «Жас Сәтбаев» зияткерлік ойыны өтті. Оның жеңімпазы осы университеттің грантына ие болды. Ол – академик Қаныш Сәтбаев туған Павлодар облысы Баянауыл ауданынан келген Сардар Темірхан. Ойынның алдыңғы екі кезеңі онлайн өтті. Оған еліміз бойынша мыңға жуық мектеп бітіруші қатысқан. Іріктеуді университет жанындағы Жас ғалымдар кеңесінің сарапшылары жүргізді. Ақтық сайысқа 10 бала жолдама алған. Олар жоғары оқу орнына келіп, ойынға қатысты. Мұнда оқушының білімі, ақыл-ойының ұшқырлығы, ойлау жылдамдығы есепке алынды. Ойында негізінен математика, физика, химия сияқты техникалық пәндерге басымдық берілген. Биылғы шара Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келіп отыр.

Ғазел Әбілезова, Жас ғалымдар кеңесінің мүшесі:

- Бұл ойынның бір ерекшелігі, интеллектуалды ойын болып саналады. Екінші ерекшелігі, Қазақстанның түкпір-түкпірінен қала, аудан, облыс барлық оқушы қатыса алады. 11-сынып оқушылары болуы керек. Ең жоғарғы балды иеленген адам Сәтбаев университетінің грантын иеленеді. Егер де ол мемлекеттік грант иегері болса, Сәтбаев университетінің ректорының атынан өзіне жеке стипендия қарастырылады.