Батыста оқушылар мектепке оралды

Батыс Қазақстан облысында соңғы тәуліктерде өзен деңгейі 3 сантиметрге төмендеп, тасқын қаупі сәл де болса сейілген сыңайлы.

Осыған байланысты бүгіннен бастап оқушылар білім ордаларына қайта оралды. Бұған дейін 10 күн бойы оқу онлайн жүйеде жүргізілген болатын. Дегенмен 6 мектепте қашықтан оқыту әлі де жалғасады. 3 облыстық мектеп-интернат өз шәкірттерінің ауылдан оралуын күтсе, 3 мектепте өзге өңірлерден келген әскерилер, төтенше жағдай қызметкерлері орналасқан. Кәсіптік білім беру мекемелерінің де кейбірі әзірге оффлайн оқыта алмайды.

Луара Батырғалиева, облыстық Білім беру басқармасы басшысының орынбасары:

- 6 колледж қашықтан оқытуды жалғастырып жатыр. Онда 5 мыңға жуық студенттеріміз бар. Бүгінгі таңда олар қашықтан оқытуда. Өйткені олардың ғимараттарында эвакопункт пен әскерилер, төтенше жағдай қызметкерлері орналасқан.