Алматылық ұстаздар жасанды интеллектіні сабақта қолданып жүр
Алматылық ұстаздар жасанды интеллектінің мүмкіндігін белсенді меңгеріп, оқу процесінде қолдана бастады, деп хабарлайды 24KZ. №84 мектепте ұйымдастырылған семинарда 100-ге жуық педагог мектеп партасына отырып, білім берудің жаңа технологияларын үйренді. Ұстаздар графикалық суреттер мен мәтін жазып компьютерлік бағдарламаға енгізді.
Мұғалімдер жасанды интелектіні оқушыларға сабақ түсіндіру, үй тапсырмасын тексеру, жеке әдістеме әзірлеу үшін қолданады. Жасанды зерде көмегімен оқушыларға күрделі тапсырмаларды қарапайым тілмен түсіндіріп, жеке ұсыныстар береді. Соның арқасында балалардың физика мен информатика пәндеріне ынтасы артты. Олар робототехника үйірмесінде ойларын іске асыра бастады. Мәселен, жоғары сынып оқушылары өндіріс пен медицинада қолданатын құралдардың макетін жасады.
Гауһар Тоқтарбек, оқушы:
- Бұның ерекшелігі ол үлкен өндірістерде, ота жасау барысында және көптеген робототехника үйірмесінде көптеген сұранысқа ие болады. Ол қандай да бір құралдармен, заттармен қашықтықтан орындауға мүмкіндік береді. Болашақта осы ІТ мамандығын таңдағалы жатырмын және мамандықпен жақсырақ танысу үшін осы робототехника үйірмесіне қатысып жүрмін.
Союзхан Молдасанова, № 84 мектеп директоры:
- Міне, жасанды интеллект деген адамның жұмысын жеңілдетеді. Жасау арқылы ойдан ой туындайды. Жаңашылдық, тағы да өзгерте түссек деген адамда мүміндік пен қызығушылық болады. Оның балаларымызға пайдасы зор. Оқушыларымыз білім алып қана қоймайды. Сонымен қатар тәжірибемен қосымша сабақты пайдаланып, білім сапасына пайдасы тиіп жатыр.