Бірнеше қаладағы ХҚО тұрғындарды тек алдын ала жазылу арқылы қабылдайды

Бірнеше қаладағы ХҚО тұрғындарды тек алдын ала жазылу арқылы қабылдайды

Азаматтардың көптеп жиналуын және вирусты жұқтыру қаупін болдырмау мақсатында кейбір өңірлердегі ХҚО-лар азаматтарды қатаң түрде тек алдын жасалған брон негізінде қабылдайды.

Эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауына байланысты өңірлердің бас санитарлық дәрігерлері Нұр-Сұлтан, Атырау, Қостанай, Рудный, Тобыл, Талдықорған, Шымкент, Қарағанды, Жезқазған, Теміртау, Өскемен және Семей қалаларының ХҚО-ларының жұмысы бойынша арнайы шешім шығарды. Енді келушілерді қабылдау тек алдын ала жазылу арқылы жүзеге асырылады. Айта кетейік, бұл өзгерістер ауылдық жерлер мен аудан орталықтарының ХҚО-ларының жұмысына еш әсер етпейді.

ХҚО ғимаратында қатаң түрде бетперде тағу тәртібін сақтау қажет. Арақашықтықты сақтау үшін арасы 1,5-2 метр болатын белгілер сызылған. Әрбір ХҚО-да санитайзерлер бар.

Брондауға өтінім қалдыру үшін азаматтар egov.kz электрондық үкімет порталын, eGovKzBot2.0. телеграм-ботын пайдалана алады немесе 1414 қысқа нөміріне қоңырау шала алады. Брондау рәсімінен кейін азаматқа ХҚО-ға бару уақыты туралы смс-хабарлама жолданады.

«Біздің әріптестеріміз фронт-офистерде қызмет алушылармен тікелей байланыста. Біз келушілер мен қызметкерлердің қауіпсіздігін барынша қамтамасыз етуге тырысамыз. Сондықтан қызмет алушыларға қандайда ауру белгілері байқалса, ХҚО-ға барудан бас тартуға кеңес береміз», – дейді мемлекеттік корпорацияның төрағасы Әділ Кожихов.