Қазақстанда халық саны қанша

Қазақстанда халық саны қанша
Inbusiness.kz

Ұлттық статистика бюросы 2021 жылғы 1 маусымға еліміздегі халық санын жариялады, деп хабарлайды «Хабар 24».

1 маусымға арналған дерек бойынша, қазақстандықтар саны 18 млн 984 мың адамды құрады, оның ішінде қалалықтар – 11 млн 237 мың (59,2%), ауылдықтар – 7 747 мың адам (40,8%). 2020 жылғы 1 маусыммен салыстырғанда халық саны 249,0 мың адамға немесе 1,3% өсті.

Халықтың табиғи қозғалысы

2021 жылғы қаңтар-мамырда республика халқының табиғи өсімі 2020 жылғы қаңтар-мамырмен салыстырғанда (106,8 мың адам) 4,4% өсіп, 111,5 мың адамды құрады. Табиғи өсімнің жалпы коэффициенті 1000 адамға шаққанда 14,18 адамды құрады.

АХАТ органдары ұсынған азаматтық хал актілері жазбаларындағы мәліметтерді өңдеу нәтижесінде, 2021 жылғы қаңтар-мамырда туылғандар саны 175,2 мың адамды құрады, бұл 2020 жылғы қаңтар-мамырға (156,8 мың адам) қарағанда 11,7% көп. Туудың жалпы коэффициенті 1000 адамға 22,28 туылғандарды құрады.

Қарастырылып отырған кезеңде қайтыс болғандар 63,7 мың адамды құрады, бұл 2020 жылғы қаңтар-мамырға (50,0 мың адам) қарағанда 27,3% көп. Өлім-жітімнің жалпы коэффициенті 1000 адамға 8,10 қайтыс болғандарды құрады.

2021 жылғы қаңтар-мамырда республикада 1 жасқа дейін шетінеген 1423 нәресте тіркелді. 2020 жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда (1221 шетінеген нәресте) 16,5% артты. Нәресте өлім-жітімінің коэффициенті 1000 туғандарға шаққанда 8,12 оқиғаны құрады.

Халықтың көші-қоны

Көші-қон қызметі органдары ұсынған мәліметтерді өңдеу нәтижесінде, 2021 жылғы қаңтар-мамырда елімізге тұрғылықты тұруға келгендердің тіркелу саны 3662 адамды, елімізден кеткендердің саны 9862 адамды, көші-қонның айырымы -6200 адамды құрады.

Еліміздегі негізгі көші-қон алмасуы ТМД мемлекеттерімен өтуде. ТМД елдерінен келгендердің және сол елдерге кеткендердің көшіп-қонушылардың жалпы санынан үлесі 84,3% және 82,1% құрады.

Ел ішінде қоныс аударатын көшіп-қонушылар саны 23,5%-ке артты. Өңіраралық қоныс аудару бойынша халық көші-қонының оң айырымы еліміздің 4 өңірінде байқалды: Алматы (11647 адам), Нұр-Сұлтан (8920 адам), Шымкент (7342 адам), қалаларында және Маңғыстау облысында (327 адам).