А.Аймағамбетов: Денсаулығы сыр берген балалар қашықтан оқиды

Коронавируспен ауыратын немесе денсаулығы нашар оқушылар үшін уақытша қашықтан білім алу мүмкіндігі беріледі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл туралы білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов хабарлады. Ал қалғандары дәстүрлі форматта оқиды. Қыркүйектің 1-інде ел мектептерінің ауласында, тек 1 сынып оқушылары үшін ғана салтанатты шара ұйымдастырылатынын ескерген жөн. Ал 2-11  кластар сынып сағатын өткізумен шектеледі. Әр кластың жеке кабинеті болуы тиіс. Сол себепті тағы бір ауысым қосу қажет болады.

Сабақ уақыты өзгеріссіз – 45 минутты құрайды. Биыл да оқыту кезінде цифрлық платформаларды қолдануға басымдық беріледі. Сондықтан тамыздың 2-сінен бастап ұстаздар арнайы курстарға қатыса бастады. Білім ордаларына кіру «Ашық» жобасы арқылы жүргізіледі.

Айта кетерлігі, бүгінгі таңда мұғалімдердің 93 проценті вакцина алып үлгерді. Оқу процесіне кедергі келтірмеу үшін мектептердегі жөндеу жұмыстары тамыздың 25-іне дейін аяқталып, қажетті оқулықтар әкелінеді. Ал жыл соңында былтырғы тәжірибе бойынша 4 апталық жазғы мектеп ашу көзделген.