Еліміздегі есепке қойылмаған ресейлік номерлі көліктер айыппұл тұрағына қойылады

Қазақстанда ресейлік номері бар 80 мың көлік заңсыз жүр. Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің мамандары мәлімдеді.

Аталған көліктердің қайсысы жолда кедергісіз жүйткиді? Құзырлы орган бұл сауалға тағы да жауап қатты.

Әкімшілік полиция комитеті басқармасы бастығының айтуынша, Қазақстанда көрші елде есептен шығарылып, бірақ біздің республикамызда есепке қойылмаған ресейлік номері бар автомобильдер айыппұл тұрағына қойылады. Мұндай көліктер тиісті салықтарын төлеп, ресми тіркеуден өткеннен кейін ғана қайтарылады.

Юрий Козлов, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті басқармасының бастығы:

- Ресейден келген 120 мыңға жуық авто көлік жол ережесін сақтап жүр. Оларға айтар шағым жоқ. Олар Қазақстан жолымен бір жылға дейін еркін жүре алады. Ресейде есептен шығарылған және Қазақстанда тіркелмеген 80 мың автомобиль бар. Бұлар тиісті тіркеуден өткенге дейін пайдалануға берілмейді.