Еліміздің төрт өңірінде жол жабық

Ауа райының қолайсыздығына байланысты 4 өңірде жол жабылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олар Ақмола, Қарағанды, Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстары. Жергілікті уақыт бойынша таңғы сағат тоғызда елордадан Теміртау бағытындағы жол учаскесі жабылды. Артынша Атбасар, Екібастұз және Щучье қалаларына барар трассада жол-көлік қозғалысы шектелді. Бұл туралы «ҚазАвтоЖол»ұлттық компаниясының баспасөз қызметі мәлімдеді.

Қанат Бабаев, Бурабай аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы:

– Ауа райының нашарлауына байланысты Щучье және Нұр-Сұлтан қалалары арасындағы республикалық жол жабық. Осы себепті Ақмола облысының тұрғындары мен қонақтарына алыс жолға шықпауды ескертеміз. Аса қажеттілік болып жатса, теміржол қызметін пайдаланған жөн. Басқа да жолдардың ашық не жабық екенін білу үшін 1403 call-орталығына хабарласу керек. Немесе «Дәрмен» қосымшасын жүктеп білуге де болады.