Алматы облысында балық аулауға тыйым салынды

Алматы облысында балық аулауға тыйым салынды

Алматы облысындағы өзен-көлдерде бүгіннен бастап балық аулауға тыйым салынды.

Іле өзенінің Қапшағай гидроэлектр станциясынан Аралтөбе ауылына дейінгі аралығында маусым айының 5-іне дейін балық ұстауға болмайды. Қапшағай су қоймасы мен Қаратал, Ақсу, Лепсі өзендерінде және Балқаш көлінде бұл шектеу 15 сәуірден бастап енгізіледі. Өйткені аталған су айдындарындағы балықтардың уылдырық шашу кезеңі 10 шақты күн кешірек басталады. Бұл табиғи құбылыстың ауа райы мен судың температурасына байланысты болатыны ғылыми тұрғыдан дәлелденген. Мұндай ғылыми зерттеулер қазір Алакөлде де жүргізіліп жатыр. Жетісу өңіріндегі балық аулау мерзімі маусым айының басында ашылады. 

Айнұр Қалдаева, облысаралық балық инспекциясының бөлім басшысы:

-  Ғылыми зерттеу негізінде осы жылы бізде Қапшағай су қоймасының балық аулау мерзімі өзгертілді. Қапшағай су қоймасы мен оған құятын барлық өзендердің сағасында 15 сәуір мен 30 мамыр аралығында балық аулауға тыйым салу мерзімі бекітіледі, бекітілді. Табиғи жағдайға байланысты шегерілім болды.