«Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы жолға шықты

Бүгін «Саламатты Қазақстан» пойызы жолға шықты.

Медициналық пойыз жұмысын Алматы облысының Байсерке станциясынан бастады. Дәрігерлер 2 қарашаға дейін Шығыс Қазақстан, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Қостанай және Қарағанды облыстарындағы 67 шалғай станцияға барады. Жетісу, Абай және Ұлытау облыстарының халқы да дәрігерге қарала алады. Болжам байынша 60 мың адамға медициналық көмек көрсетіледі. Медициналық пойызда 36 білікті маман бар. Биыл олардың қатарына психолог пен дерматовенеролог қосылды. Дәрігерлер бригадасы халыққа барлық қызметті тегін көрсетеді. Пойызда биохимиялық талдаулар жасап, рентгенография мен флюорография түсіріп, ішкі ағзаларды ультрадыбыстық зерттеуден өткізуге мүмкіндік жасалған.

Аман Қасенов, "Саламатты Қазақстан" медициналық пойызының әкімшісі:

- Пойыздың іші емханадағыдай жабдықталған. Әрине кез келген емханаға келген адам алдымен тіркеу бөліміне барады. Мұнда да дәл солай. Терапевт, хирург, кардиолог, ЛОР, балалар дәрігері сияқты қажетті мамандардың барлығы бар. Бізге келген тұрғындар медициналық тексерістен толық өтіп шыға алады деп айта алам. Мұнда арнайы зертханаға дейін бар. Зерттеу нәтижелері 15 минуттың ішінде дайын болады.