Қызылордада бүйрек ауыстыру операциясы сәтті өтті

Қызылордалық хирургтер созылмалы бүйрек жетіспеушілігіне шалдыққан науқастың өмірін сақтап қалды.

46 жастағы әйел 3 жылдан бері гемодиализ аппаратына тәуелді болып келген. Трансплантациялық операция барысында медицина мамандары оған 31 жастағы інісінің бүйрегін салып берді. Қазір екеуінің де жағдайы қалыпты. Жалпы бүйрек ауыстыру операциясы өңірде алғаш рет былтыр жасалды. Бұл екінші жағдай. Алда 390 адам кезекте тұр. Осыған орай аймақ дәрігерлері ағза ауыстыру операциясын арттыруды көздеп отыр. Бірақ донор табу қиынға соғып жатқанын айтады. 

Жасұлан Баймаханов, хирург:

- Трансплантацияны ұлғайтамыз. Басында бір трансплантация жасасақ бүгін-ертеңге екеуін дайындадық. Бүгін Сызғанов орталығынан келген әріптестермен бірге жасадық. Әрі қарай жаймен өзіміз жасай береміз. Бүйректен басқа ең қиын трансплантацияның бірі бауыр трансплантациясын жасаймыз. Оған дайындалып жатырмыз. Құрал-жабдықтар түгелденгеннен кейін 2-3 айда бастаймыз деп ойлаймыз.