Балалар тағамын түйе сойғанда көресің

Отандық ғалымдар ешкі мен түйе етінен балалар тағамын жасаудың жаңа технологиясын әзірледі.

Астанадағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің мамандары шұжық, езбе ет жасауды қолға алды. Ғалымдар осы тағамының биологиялық құндылығы жоғары екенін айтады. Әрі диеталық тамақ ретінде тұтынуға болады дейді.

Түйе еті ақуызға бай әрі құрамында холестерин аз. Ал май тіптен жоқ. Өзге еттерден ерекшелігі де осы.

Отандық ғалымдар Ойсылқара етін енді балалар тағамына енгізуді көздеп отыр. Құрамында май болмағандықтан артық салмақтың да алдын алады. Ал сіңімділігі жоғары ешкі етінен шұжық жасамақ. Құрамына қосатын түрлі шөптік дәмдеуіштерді де өздері дайындайды. Мамандар түйе етімен қатар ешкі етінің де диеталық тағам, дертке дауа екенін айтады. Ғылыми жобаны қазір ғалымдар патенттеп үлгерген.

Қадыржан Мақанғали, жоба авторы:

- Түйе еті сиыр етіне қарағанда арзанырақ болады. Біздің зерттеулер бойынша сапасы жағынан, пайдасы жағынан да дәстүрлі ет шикізаттарынан кем емес. Түйе еті ылғалдылығы жоғары, май мөлшері төмен. Диеталық тағамға жатқызуға болады. Сонымен қатар біз шұжық өнімдеріне ешкі етін қолданамыз. Бұл гиппоаллергенді ет саналады.

Біздің ғалымдар ақуызға бай ешкі мен түйе етін балаларға жиі жегізу керек дейді. Жаңа технологиямен әзірленген еттен жасалған өнім бала денсаулығына пайдалы болмақ. Арнайы өңделіп, түрлі биологиялық қоспа қосылған өнім түрлі дерттің де алдын алады. Сондай-ақ, жоба авторлары сүт сарысуы мен ырғай жемісінен билолгиялық белсенді қоспа да жасап жатыр.

Гүлмира Жақыпова, "Тамақ және қайта өңдеу технологиясы" кафедрасының доценті:

- Сарысуды өңдеп, одан ақуызды құрғақ түрінде аламыз. Сарысуды өңдеу жұмысын жүргізу керек. Сонымен бірге сарысуды көп мөлшерде алғаннан кейін, одан биологиялық белсенді өнімдер алып, соны зауыт, өндірістерде сүзбе, иогурт технологиясына қосып, жаңа өнім шығаруға болады.

Мәселен, Таяу Шығыс және Араб елдерінде түйенің сүті мен еті мектеп пен балабақшаның ас мәзіріне еңгізілген. Ал Израильде түйе сүтінен қант қосылмаған йогурт пен балмұздақ жасалады. Тіпті кей елде бұл – жеңсік ас саналады. Отандық ғалымдар болшақта біздің де ас мәзірімізге енетінін айтады.

Айнұр Қуатқызы, Ербол Дайыров 24.KZ