«Бір күндік клиника» жобасы

Енді болашақ аналар сәбидің саулығын тексеру үшін айлап, апталап медициналық зерттеудің талдауын күтпейді.

«Бір күндік клиника» жобасы аясында барлық қажетті талдауларды бір күнде тапсырып, нәтижесін біле аласыз.

Нұржанар Сайлау қазір жүктіліктің он үшінші аптасында. Алғашқы жүктілігі болған соң алдын ала дәрігерге қаралып, дайындалған. «Ал бүгін бір күндік клиникаға келіп, құрсағындағы сәбидің жағдайын толық әрі жылдам біле алдым», - дейді.

Нұржанар Сайлау, ем алушы:

- Күнделікті қаралатын клиникама қарағанда бұл клиника өте ыңғайлы болды. Себебі барлығын бір күнде өту ыңғайлы екен. Мен негізі туысқандарымнан бұл жүктілікті жоспарлаған кезде бала туралы ақпараттар жинадым. Яғни до этого бірінші скринингті бір күн, одан кейін қан тапсыру басқа күні, генетикке қабылдау басқа күні жалпы айтқанда бір айға созылады деп естіген болатынмын. Ал бұл клиникада барлығы бір күнде өтіледі екен.

Бүгінде бұл аурухана 100-ден астам әйелді қабылдаған. Күніне 15-тен астам болашақ ана скринингтен өтеді. Оларға бар жағдай жасалған. Таңертең анализ тапсыру үшін ашқарын келген аналарға тегін тамақ та беріледі.

Маралхан Мұзар, Ұрықты қорғау орталығының басшысы:

- Егерде жүкті әйел уақытылы ол зерттеулерге жүгінбеген жағдайда өкінішке орай біз нәтижесінде ақауы бар, потологиясы бар нәрестені дүниеге әкеледі. Осы қаралым кезінде қауіп тобына жатқан әйелдер бес пайыз. Оның ішінде сол бес пайыздың ішінде өкінішке орай нақтыланып диагнозы жақсы емес диагнозы жүктілікті үзген жағдайларда болды.

«Жүктіліктің ерте кезеңінде ұрықтың дамуында ауытқу болса анықтап, бала мен ананың өміріне қауіп бар жоғын білу – дүниеге сау бала келуіне кепіл», - дейді дәрігерлер.

Шеризат Халыкова, аналар денсаулығын сақтау басқармасының басшысы:

- Елімізде жыл сайын туылатын 400 мыңнан астам сәби келеді дүниеге. Сол сәбилердің өмірге дені сау болып келуін қамтамасыз ету мақсатында біз жүктілерге жасалатын көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыру негізі мақсат етіп қойған болатынбыз. Жалпы бұл жобаны біз қазіргі таңда еліміздің 7 өңірінде бастауды көздедік. Жалпы жыл соңына дейін министрдің тапсырмасы бойынша барлық жиырма өңірде осы бір күндік клиника жобасы іске асырылатын болады.

Жыл сайын елде үш мыңнан астам сәби тұқым қуалайтын немесе туабітті аурумен дүниеге келеді. Ал бұның алдын алу үшін жүктіліктің алғашқы аптасында ұрықтың жағдайын анықтау қажет. Талдау қаншалықты ерте жүргізілсе Даун, Паттау, Эдвардс сияқты жиі кездесетін туа біткен ауруларды анықтауға болады. Бір күндік клиниканың да діттегені осындай аурулардың алдын алу.

Авторлары: Зарина Кәп, Өрден Жарқын