Қызылжар қоқыстан көз ашпай қалды

Петропавлда қала тазалығына жауапты кәсіпорындар тұрмыстық қалдықтарды уақытылы шығарып үлгермей жатыр.

Әкімдік мердігерлердің техникасы әбден ескіріп, істен шыққанын алға тартады. Соның салдарынан қоқыс контейнерлері толып қалады. Биыл өз міндетіне салғырт қараған кәсіпорын басшыларына 1,5 миллион теңге айыппұл да салыныпты. Мәселені шешу мақсатында жергілікті бюджеттен 200 миллион теңге қаржы бөлініп, бес жаңа техника сатып алынды. Енді әкімдік қарамағынан жаңа кәсіпорын ашылуы мүмкін.

Айта кету керек, облыс орталығында қоқыс шығару қызметі екі есеге қымбаттап кетті.

Әсем Айтулова, қала әкімінің баспасөз хатшысы:

- Жалпы екі нұсқа бар. Біріншісінде олар конкурс бойынша жаңағы кәсіпорындарға берілетін болады. Не болмаса Петропавл қаласының әкімдігінің ішінен серіктестік ашып, сол серіктестік бойынша жаңағы қоқыс шығару көліктерін жұмысқа жұмсау. Қазіргі таңда бұл жұмыстардың барлығы қарастырылып жатыр.