217 елді мекенде су тасқыны қаупі бар

Еліміздің 217 елді мекенінде су тасқыны қаупі бар. Бұл туралы бүгін Премьер-министр Олжас Бектенов үкімет отырысында айтты.

Көктемдегі су тасқыны жағдайы талқыланған шарада Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, дайындық жұмысын жүргізгенін мәлімдеді.

Атап айтқанда, халықты құлақтандыру пысықталып, зардап шеккен азаматтарды жинау пункттері дайындалған.

Бұдан бөлек, елді мекендерде 114 шақырымдық уақытша бөгендер салу жұмыстары жүргізілген. Оған қоса, жалпы алғанда авто және темір жолдардағы су өткізу құрылыстары мен 1904 километр арық, канал тазартылған. Елді мекендерден 10,5 млн текше метрден астам қар шығарылған.

Жиында сондай-ақ Шығыс Қазақстан, Ақтөбе және Атырау облыстарының әкімдері алдағы су тасқыны кезеңіне дайындық шаралары туралы мәлімет берді.